Мәдениет

Қыдырәлі мен Қарақаттың Петропавлдағы концерті

 

Зал әсем ән десе ішкен асын жерге қоятын солтүстікқазақстандықтарға толды. Бұл жерде тіпті ине шаншар жер болмады. Алдымен көрермендер жерлес орындаушылардың өнерін тамашалады. Кейін сахнаға көптен күткен күміс көмей, жезтаңдай әнші  Қарақат Әбілдина шықты. Қарақат өнердегі жолын   қазақтың қасиетті қара домбырасымен бастапты. Кейін эстрадалық әндер шырқап, көпшіліктің жүрегін жаулады. 2001 жылы Қарақат пен Қыдырәлі дуэт ретінде үлкен сахнаға шығыпты. Бүгінде үлгілі жанұя бақытты адамдардың күйін жырлайтын шығармаларды орындап жүр. 10 жылдан астам өнерде де, өмірде де бірге жүрген әнші жұп барлық әндерін жанды дауыспен шырқады. 2 сағат бойы сүйікті эстрада жұлдыздарының әсем әуенін тыңдаған көрермен біраз сергіп қалды. Көңілдері көтеріліп, концерттен оң әсер алды. Жұлдызды жұп та солтүстікқазақстандықтардың ыстық ықыласына бөленіп, зор қошеметке ие болғанына разы.

 

Қарақат Әбілдина , әнші:

-Халықтың ықыласы, ниеті, қол шапалағы, құшақ-құшақ гүл, Россиядан концертімізге арнайы келген   өзіміздің қандастарымыз өз еліне шақырып, ықыласқа тойып тұрмыз. «Қадірлеген халқымнан айналдым» депті ғой Роза Бағланқызы. Бойымызға кішкентай ғана өнер берген екен Алла тағала. Соны бағалап, қолпаштап отырған көрермендерімізге дән ризамыз.

Қыдырәлі Болманов, әнші, продюсер:

-Біз әрқашан да келуге дайынбыз. Қазір жаңа әндерімізді жазып жатырмыз. Жаңа альбом шығармақшы ойымыз бар. Армандарымыз бен мақсаттарымыз өте көп. Соның барлығын бірге іске асыра берейік.

 

Қарақат Әбілдина мен Қыдырәлі Болманов алдағы уақытта да өңірімізге келетіндігін тілге тиек етті.

 

Айдана Демесінова