ТЖ

Құтқарушылар байқауы

 

Екінші кезеңге төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің тек 10-ы ғана өткен. Бұл жолы байқауға қатысушылар қалалық мәдениет үйінде техникалық қауіпсіздікті бақылады. Сайысқа алғашқы рет қатысып отырған Аслан Ахметжанов қалалық төтенше жағдайлар басқармасында инженер болып қызмет етеді. 3 жылдық еңбек өтілі бар Аслан бұл нысанда техникалық қауіпсіздіктің сақталмағанын байқағанын айтты.

 

Аслан Ахметжанов, қалалық төтенше жағдайлар басқармасының инженері:

– Өрт қауіпсіздігіне арналған арнайы сигналдар қосылмаған. Және қосымша есіктер жабық тұр. Егер бұл байқау болмағанда қалалық мәдениет үйінің басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылушы еді. Енді тек ескертумен шектелеміз.

 

Ал Жамбыл ауданының инженері Марал Жолмұханов мұндай байқауларға 4 жыл қатарынан қатысып отыр. Оның бұл саладағы еңбек өтілі 20 жыл. Биылғы жылдың үздік инспекторы атану үшін ол барымды саламын дейді. Екі кезеңді қамтыған облыстық байқауға төтенше жағдайлар департаментінің 21 қызметкері ниет білдірген. Оларға қойылған талап та жоғары. Яғни екі жылдық еңбек өтілі болуы қажет. Бұдан басқа қызметкердің үстінен шағым, ескерту, сөгіс жарияланбаған болуы керек. Сөйтіп, облыстық байқаудың қорытындысы бойынша ең үздік инспектор  атағына Аслан Ахметжанов лайық деп табылды.

 

Гүлбану Ахметова