Бизнес және экономика

“Сарбаев және К” ЖК өңірдің экономикалық дамуына өз үлесін қосуда

 

Азық-түлік қорына келгенде мал етін айналып өту мүмкін емес шығар. Қашанда бұл өнімге деген сұраныс мол. Көпшіліктің қалауын қанағаттандырып жүргендердің бірі “Сарбаев және К” жеке кәсіпкерлігі.

 

Василий Сарбаев, “Сарбаев және К” ЖК директоры:

-Мал өнімдерін саудалап жүргенімізге 4 жыл болды. Осы уақыттың ішінде ет тасымалдаушыларымыз өзгерген жоқ. Делдалдың тұрақтылығы өнім сапасына кепіл болады. Мал тек арнайы орындарда сойылады. Сойылғанға дейін және кейін екі мәрте тексеріледі. Кейде біздің атымызды жамылып жүргендерден ет алып, сапасына шағым түсіретіндер кездеседі. Бұл бос сөз. Өзімізде тек екі-ақ нүкте бар.

 

Украинская, 193 және Мир көшесі, 138 мекенжайында орналасқан дүкендердің тұтынушысына ет жеткенше бірнеше деңгейлі міндетті сынақтан өтеді. Бұл азық-түлік қауіпсіздігіне деген сенімді нығайта түсетіні сөзсіз. Осылайша терең сарапталған өнім ғана ет дүкеніне түседі. Кейін заманауи қондырғылармен жабдықталған қасапшылар әр басты мүшелейді.

 

Ринат Халитов, “Сарбаев және К” ЖК ет кесу машинасының операторы:

– Қара мал, жылқы мен қой еті шошқадан бөлек тоңазытқышта сақталады. Әрбіріне арнайы салқындатқыш камералар қарастырылған. Мүшелейтін, кесетін, турайтын қондырғылар мен үстелдері де мүлдем бөлек. Тұтынушылардың талғамы әр түрлі ғой. Сондықтан көңілдерінен шығу үшін ісімізге аса жауаптылықпен қарап, ұқыптылық танытуға тырысамыз.

 

Дүкен мен ет мүшелейтін цехты тек шыны әйнек бөліп тұр. Бәрі тұтынушының көз алдында. Бұл сауда орнын кеңейту арқасында мүмкін болды. Қазір екі дүкенде 14 жұмысшы қызмет етеді. Оның үшеуі биыл жаңадан құрылған. Өндірістің ұлғаюымен қосымша озық үлгідегі қондырғылар сатып алыныпты. 11 мың еуро италияндық контейнер ет сүрлеуге арналған. Ал голландық тендерайзердің 200 инесі шаншылған ет жылдам әрі біркелкі піседі екен. Мына құрылғы Беларусь елінің өнертабысы. Оның көмегімен сатыпалушылар таңдаған кесек көз алдында туралады.

 

Қарлығаш Мәжитова, “Сарбаев және К” ЖК сатушысы:

– Бұл ет турағыш тек қара мал, жылқы, қой етіне арналған. Келген адамның қалауынша кесек ет таңдалып туралады. Сауда орны болғандықтан клиенттің тапсырыстарын бұлжытпай орындауға тырысамыз. Осыдан еңбегімізді жоғары бағалайтын тұрақты тұтынушыларымыз күн санап артып келеді.

 

Түрлі ет өнімдері сөрелерде толып-ақ тұр. Келушілер іздегенін таппай кетпейді. Бұған петропавлдық Сергей Ежов 4 жыл бойы куәмін дейді.

 

Сергей Ежов:

– Ашылғалы осы дүкеннің тұрақты тұтынушысымын. Еттің өңделуінен бастап бәрі көз алдымда жасалады. Сондықтан сапасы мен тазалығына күмән келтірмеймін.

 

Ағзаға пайдалы ақуыз бен табиғи дәрумендерге толы азық-түлік пышақ үстінен өтіп жатыр. Тәулігіне орта есеппен 3 бас қой, сонша тайынша мен 5 бас шошқа өткізіледі. Бағасы да қалта көтерерлік. Ірі қара құны 950-1600 теңге аралығында саудаланады. Қой 1100-1350, ал жылқы 1400-1900 теңге шамасында жіберіледі.

 

– Әрдайым жаңа сойылған малдың жас еті сатылады. Сапасы жақсы, пісіргенде асың дәмді болады. Бағасы да тиімді.

– Жөндеуден кейін дүкен тіпті жақсарды. Әсіресе сатушылардың қызмет көрсетулері ұнайды. Әрқашан да жайдары көңілмен қарсы алады. Еттері өте жақсы өңделген. Мін таба алмайсың.

 

Жеке кәсіпкер қызмет аясын тағы ұлғайтуды жоспарлап отыр. Келешекте мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен жартылай фабрикаттар цехын ашу көзделуде. Сондай-ақ жеке ветеринарлы сараптама зертханасын құру межеленген.

 

Жеңіс Ермұқанов