Білім

Білім саласын дамыту барысы

 

Бірінші мәселе бойынша Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов аталмыш саланың дамуына білім беру бағдарламасының тигізген шарапаты жайында баяндап берді. Басты құжат мектепке дейінгі тәрбие ошағынан бастап жоғары оқу орындарының тыныс-тіршілігіне дейін қамтиды. Негізгі басымдық олардың материалдық-техникалық базасын заман талабына сай жарақтандыруға берілген. “Балапан” бағдарламасының арқасында бақшалар саны артып келеді. Мектеп жасына дейінгі жекеменшік тәрбие ошақтарына да сұраныс бар. 2011-мен салыстырғанда ол өткен жылы 1,7 пайызға өскен. 12 жылдық білім беру еліміз бойынша бүгінгі таңда 104 мектепте сынама ретінде жүргізіліп жатыр. Бақытжан Жұмағұлов  ол нәтижесіз еместігін айтып, 2015 жылы аталған жүйеге барлық мектептер көшірілетіндігін атап көрсетті. Еліміздегі жоғары оқу орындарының қарасы қалың, алайда мамандарға сұраныс жоқ. Сондықтан алдағы уақытта олардың саны 100-ге дейін қысқармақ. Бірақ студенттерге алаңдауға негіз жоқ. Себебі іргелі оқу орындары кеңейтілетін болады деді министр. Бұдан соң күн тәртібінде қаралған бірінші мәселе бойынша облыс әкімдері есеп берді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Бағдарламада көрсетілген 8 индикатор 26 көрсеткіштің барлығы бойынша жұмыстар атқарылды. Кейбірінен тіпті асыра орындаушылық бар. Бағдарламаны іске асыру үшін 2011 жылдан бері бюджеттен 4,2 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Республикалық бюджеттен 3,1 миллиард теңге бағытталды.

 

Жергілікті өзін-өзі басқару заңнамасының орындалу барысы жайында кеңеске қатысушыларды Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев құлағдар етті. Құжаттың көздегені ауыл тұрғындарының заң тұрғысындағы саяси сауаттылығын арттыру. Оны барлық деңгейдегі әкімдер басты назарда ұстауы керек делінді кеңесте. Астанамен болған байланыс аяқталысымен күн тәртібінде қаралған мәселелер жергілікті басшылармен талқыланды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Білім беру бағдарламасының жүзеге асырылуы жаман емес, жетістіктеріміз де бар. Дегенмен 4 көрсеткіш әлі өз деңгейіне жеткен жоқ. Ол бойынша білім басқармасы жұмысты жандандыруы керек. Оқу жылының соңына қарай мәселені облыстық әкімдіктің отырысында қарап, келер жылға бағыт-бағдарды айқындауымыз керек.

 

Жиында бұдан басқа да ағымдағы мәселелер қаралып, олар бойынша нақты шешімдер шығарылды.

 

Самат Есмағи