Билік

Жол жөндеуге 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді

 

Өңіріміздегі кәсіптік білім деңгейі мен оның бүгінгі бет алысы  жөнінде сессияға қатысушылар облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғановтың баяндамасынан құлағдар болды. Өткен жылы колледждер мен кәсіптік лицейлерді тәмамдаған 12 мың түлек жұмысқа орналасқан. Олардың дені өндіріс секторында нәпақаларын тауып жүр.

 

Фархад Қуанғанов, облыс әкімінің орынбасары:

-Ауыл шаруашылығы, құрылыс, денсаулық сақтау мен білім саласы бойынша машықтанатындар 12,9%. Өңіріміздің еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың басым бөлігі жоғары біліктілік пен кәсіби даярлықты талап етпейді. Олар газдәнекерлеушілер, электрик, механик, слесарларь,    компьютерлік техниканы жөндеушілерге қызығушылық танытатындар қарасы қалың.

 

Өңірімізде бүгінгі күні кәсіптік және техникалық білім беру бағытында 32 нысан жұмыс істейді. Олыр 29 бағытта 64 мамандық бойынша шәкірттер даярлайды. Білім нәрімен сусындаушылар саны 16 мыңның үстінде. Өткен жылы аталмыш оқу ордаларын тәмамдаған 5500-ге  жуық жас маманның 67 пайызы жұмысқа орналасып үлгерген. Бұл еңбек нарығы мен орта және арнаулы білім саласы арасында тығыз қарым-қатынас орнағандығының дәлелі.

Сессия барысында өз ойларын ортаға салған халық қалаулылары аталмыш мекемелердің материалдық-техникалық базасы әлі де болса жақсартуды талап етеді, себебі жас мамандар теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде көрсеткенде сылбырлық танытады дейді. Колледждер мен лицейлердің өз бетінше қаржы табуларына еш кедергі жоқ. Басшылар осыны ойлануы керек деген ой айтты депутаттар. Одан облыс бюджетіне де айтарлықтай жеңілдік болады. Жоба бірауыздан мақұлданды. Бұдан соң облыс бюджетіне өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі мәселе қаралды. Басы артық 25 миллиард теңгеден астам қаржы бар. Ол бірінші кезектегі өзекті деген мәселелерді шешуге бағытталады деді экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы өкілдері. Негізгі басымдық автокөлік жолдарын жөндеуге беріліп отыр.

 

Зиядден Молдағанапов, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

-Автомибиль жолдарының орташа жөндеуіне қосымша 621 миллион теңге бөлеміз. Ал ағымдағы жөндеулер 631 миллион теңгені құраса, күрделі жөндеу мен жобалық сметалық құжат әзірлеуге кететін қаржы 60 миллион деп болжанып отыр. Облыстық маңызы бар жолдарды қалпында ұстауға қарастырылған ақша 100 миллион теңге.

 

Облыстық мәслихаттың 13-ші сессиясында бас-аяғы 28 мәселе қаралып, олардың барлығы бір ауыздан мақұлданды. Жиын соңында сөз алған өңір басшысы ағымдағы жылдың 2 айындағы облысымыздың әлеуметтік экономикалық дамуы туралы баяндап берді. Бұл аралықта өндіріс ошақтары 21,2 миллиард теңгенің тауарын шығарса, ауыл шаруашылығының ішкі өнімі 8 миллиард теңгеден асқан. Жеке сауда айналымының көрсеткіші 20 пайызға жуық өскен. Бұл бюджеттің молаюына жол ашып отыр.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есептік кездесулерінде тұрғындар тарапынан түскен талап-тілектердің дені жергілікті жолдардың жағдайына қатысты болды. Оны жақсартуға толық мүмкіндігіміз бар. Жергілікті бюджеттен бағытталатын қаржы 2 миллиард 547 миллион 845 мың теңгені құраса, ел қазынасының үлесі 2 миллиард 547 миллион 262 мың теңге. Осылайша біз облыс жолдарына 5 миллиард 95 миллион теңге жұмсамақпыз. Күре жолдарға бұрын-соңды мұндай сома бөлінген емес өңірімізде.

Облыс әкімі жалақы мәселесіне де назар аударды. Бұл ретте республикалық көрсеткіш бойынша біз соңғы орында тұрмыз.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– 2012 жылы жалақы қоры не бары 105 миллиард теңгені құрады. Оның 52 миллиарды бюджеттегілерге тиесілі. Біз экономиканың нақты секторындағы айлық еңбекақының орташа мөлшерін 80 мың теңгеге жеткізуіміз керек. Мүмкіндік бар.

 

Биылғы жылдың бюджетінен баспана мәселесін шешуге де қаржы қарастырылып отыр деді өз сөзінде өңір басшысы.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Облыс орталығы мен Тайынша ауданында салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысын аяқтауға қаржы бөлдік. Барлығы 6 көпқабатты үй. Бағытталған қаржы 374 миллион теңге. Ол 40 мың шаршы метр баспана тапсыруға жол ашады. Облыс орталығында жөндеуден өткізетін тағы жеті үй бар. Оған әлі қаржы жоқ. Құрылыс саласындағы жоспарларымыз жүзеге асатын болса, онда қаржыны қайта бөлуді қарастырмақпыз.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі бөлінген қаржының әр тиыны орынды жұмсалуы керектігін атап көрсетті. Оның бәрі халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.

 

Самат Есмағи