ТКШ

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына жаңа үй салынып жатыр

 

Айдана Демесінова, тілші:

-Мына үйдің құрылысы өткен жылдың қараша айында басталған. Ағымдағы жылдың соңына қарай оны қолданысқа беру көзделіп отыр. Осылайша тағы 90 жанұя жаңа пәтердің кілтіне ие болмақ.

 

Жұмыс қарқынды жүруде. Әзірге баспананың 2 қабаты салынды. Үйдің кірпіші жоспарға сай қаланып жатыр. Бүгінде Уәлиханов және Шухов көшелерінің қиылысындағы баспанадағы пәтерлердің иесі атану бақыты кімге бұйырғаны белгілі болды. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары, тіпті, өздеріне қолайлыларын таңдауға да кірісіп кетті.

 

Батима Қажырақымова, “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

-Пәтерлерді бөлу ұпай жүйесі бойынша жүргізіледі. Салымшының баллы оның келісімшартты орындау сапасына, жинаған қаражатына қараймыз. Егер 3 жыл бойы ай сайын шотына үзбей ақша салып отырса, тиісті сома жиналған жағдайда балл үлестіреміз. Кейбіреулері шотты ашып, соңында тиісті соманы салады. Сондықтан, біздің банкпен қалай байланыста болғанын да есепке аламыз.

 

Серік Ақылбеков 3 жыл бұрын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» шот ашыпты. Келісімшарттағы талаптарды бұлжытпай орындаған азамат бүгін баспана таңдауға келген екен. Жерлесіміз Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында 3 бөлмелі пәтерге қол жеткізгеніне дән риза.

 

Серік Ақылбеков:

-Қуанып отырмыз. Пәтер алдық. Наурыз қарсаңында бізге банк сыйлық жасап отыр. Көп рахмет.

 

Уәлиханов пен Шухов көшелерінің қиылысындағы үйдің тұрғыны болуға 200 адам ниет танытыпты. Алайда олардың 90-нына ғана пәтердің кілті берілмек. Қалғандары өз кезегін күтуге мәжбүр. Дегенмен ол күн де алыс емес. Өйткені үстіміздегі жылы 55 пәтерлі баспананың құрылысын бастау жоспарда бар. “Береке” ауданында да тұрғын үйдің іргесі қалануда. Сондай-ақ 75 пәтерлі баспанаға отасқанына 2 жылдан асқан жас жұбайлардың өтініштері қабылданатын болады.

 

Айдана Демесінова