ТКШ

“Қызылжар Су” кәсіпорнына – 110 жыл

 

«Қызылжар Су» кәсіпорнының тарихы тереңде. Биыл оның іргетасының қаланғанына 110 жыл. Алғашында олардың облыс орталығындағы желілері не бары 5 шақырымды құраса, бүгінде Петропавлды толықтай қамтамасыз етіп отыр.

 

Сергей Визеров, «Қызылжар Су» серіктестігінің бас инженері:

-Дамыған сайын кәсіпорнымызда заманауи қондырғыларды пайдалану үстіндеміз. Ертеректе бір көпқабатты тұрғын үйге су өткізу үшін 2-3 күн уақыт жоғалтып, осы аралықта халықты тіршілік көзінсіз қалдырсақ, қазіргі күні ол түбегейлі өзгерді. Су желілерін пластикалық құбырларға алмастырып жатырмыз. Мақсатымыз тұтынушыға сапалы ауыз су жеткізу.

 

Бір ғасырды артта қалдырып, екіншісіне аяқ басқан кәсіпорын бүгінде қаланың тек тұрғын үйлеріне ғана емес, сондай-ақ барлық әлеуметтік маңызы бар нысандарына тіршілік көзін жеткізумен айналысады. Ағын сулар мен кәріз жүйелерінің жұмысын реттеу де аталмыш серіктестіктің мойнында. Онымен мыңға жуық өз ісінің білгірі атанған мамандар айналысады.

 

Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:

-110 жыл аз уақыт емес. Кәсіпорын қаламен бірге дамып келеді. Су тіршілік көзі деп бекер айтылмаған. Қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткерсеңіздер де қызметтеріңізді тоқтатқан жоқсыздар. Мерейтойларыңыз құтты болсын.

 

Салтанатты шара барысында еңбегімен ерекшеленген кәсіпорын қызметкерлері марапатсыз қалмады. Олар облыс әкімінің «Алғыс хаты» және «Қазақстан су арнасы» қауымдастығының төс белгілеріне қол жеткізді. Облыс әкімінің алғыс хатына ие болғандардың бірі – Надежда Ромаева. Оның серіктестікте жұмыс істегеніне 30 жылдан асқан. Мамандығы инженер-химик.

 

Надежда Ромаева, «Қызылжар Су» ЖШС инженер-химигі:

-Еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын. Бұл менің марапатым ғана емес, барша ұжымға берілген баға деп түсінемін.Қызметіміз үлкен жауапкершілікті талап етеді. Себебі ол халықтың денсаулығы. Барша әріптестерімді мерейтойларымен құттықтаймын.

 

«Қызылжар Су» серіктестігінің 110 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара соңы көркемөнерпаздар ұжымдарының концерттік бағдарламасына ұласты.

 

Самат Есмағи