Мәдениет

“Мақсат” ұлттық-мәдени орталығына – 25 жыл

 

Бұл орталыққа кірген адам ұлттық нақыштағы бұйымдарды көріп, үлкен әсер алады. Мұнда атадан балаға мирас болған көне заттар жетерлік. Ұлттық нақыштағы бұйымдарды Сақып апа көзінің қарашығындай сақтап, әрқайсысының тарихы жайында жастарға айтып келеді. Мәселен, мұндағы әкесі тіккен етікке 45 жыл болса, самаурынға 93 жыл болған. Сақып Рақымжанқызы сексеннің сеңгіріне таяп қалса да, ұлттық дәстүрімізді жаңғыртудан талған емес. Қолөнермен Сақып апа жастайынан шұғылданады. Қазақтың ұлттық киімдерін тігіп, құрақ құрап, жастық көрпе де тігеді. Орталық ашылған жылдары мұнда 20 адам жұмыс істепті.Бүгінгі күні “Мақсат” қазақ ұлттық орталығының жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай, әрдайым өткізіліп тұратын көрмелерге қатысып, республикалық сайыстарда жүлделі орындарды алып жүр. Бүгінде Сақып апаның қоржынында 60-қа жуық диплом, грамота, алғыс хат бар. Алматыда өткен “Қанатты әйел” байқауына қатысып, бас жүлдені де жеңіп алған екен. Наурыз мерекесі қарсаңында Сақып апаның ұлттық өнерді дамытудағы еңбегі ескеріліп, Қызылжар ауданы әкімінің атынан алғыс хат алды.

Орталықтың 25 жылдығымен облыстық этномәдени бірлестіктердің өкілдері де құттықтап, сыйлықтарын табыстады. Бескөлде 9 этномәдени бірлестік бар. Солардың ішінде ұлттық дәстүрімізді насихаттап жүргені осы “Мақсат” қазақ ұлттық-мәдени орталығы екен.

 

Гүлбану Ахметова