Мәдениет

Наурыз мейрамының басты тағамы – көже

Күлсара Рамазанқызына наурыз көжені дайындау тәсілі анасынан қалған. 7 түрлі дәмнен әзірленетін мерекенің басты тағамын жасауға 3 сағат кетеді. Үйдің ұйытқысы Гүлсара апай көжеге салатын дәнді жыл сайын ауыстырып тұрамын дейді. Мәселен, былтыр бидай қосып дайындаса, биыл кезек күрішке тимек. Гүлсара апа 7 сыныпта оқитын қызы Мөлдірге ұлттық дәстүрімізді үйретіп, бүгін мерекенің басты тағамы наурыз көжені әзірлеуді көрсетті.  Бұл үлгілі отбасы дастархан жайып, туған туысқандарын, құда-құдағилары мен көршілерін қонаққа шақырды. Мәңкей әулеті қазақтың салт-дәстүрін ұстанады. Сондықтан да ең бірінші дастарқан басына отырған қонақтың қолына су құйылды. Кейін үстелге әкелінген тағамға бата берілді.Гүлсара Рамазанқызы дастарқанға қазақтың ұлттық тағамдарының денін әзірлеген. Тары, талқан, наурыз көжеден бастап, бауырсаққа дейін қойылған. Көршіңді құдайыңдай сыйла демекші бұл отбасы Мұсабай жанұясымен бұрыннан жақын араласады екен. Сондықтан да екі жанұя әр мереке сайын бір-бірлеріне қонаққа баруды дәстүрге айналдырыпты. Мәңкей 95 жасты алқымдаған қария, барша қазақстандықтарды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтады. Қазақтың ұлттық киімін киіп, салт-дәстүрді насихаттап жүрген бұл жанұя әр отбасына үлгілі болары сөзсіз.

 

Гүлбану Ахметова