Құқық қорғау органдары

Экономикалық сотқа шағымданушылар көбеюде

 

Жыл сайын қаржылық дау-дамайларды шешу мақсатында экономикалық соттың көмегіне жүгінетіндер шамамен 10 пайызға артып отырады екен. Әсіресе соңғы уақытта мемлекеттік сатып алу үрдісіндегі екі тараптың келіспеушілігі жиі тіркелетін болыпты. Былтыр осы ретте 267 арыз түскен. Әділет үйіндегілердің айтуынша көбіне шағымданушылар заңды білмегендіктен опық жеп қалатын көрінеді.

 

Қайрат Шаймергенов, СҚО мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:

-Көбіне негізгі келісім құжаты болғанымен қосымша жұмыс ауызша келісіледі. Бұндай тоқтамға келгеннің өзінде қайта сметалық жоба құрып, мемлекеттік сараптама жасау қажет. Кез- келген толықтыру құжатпен бекітілуі тиіс. Бұл ережелер көбіне еленбей жатады.

 

Осыны ескермеген серіктестіктердің бірі өткен жылы әділет іздеп келіпті. Солтүстік коллекторды қалпына келтіруде қосымша жұмыс атқарылған. Алайда тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы келісім заң бойынша тіркелмеген. Сондықтан атқарылған шаруаның ақысы өтелмепті.

 

Абылайхан Батырханов, СҚО мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:

– Серіктестік жетекшісі тым болмағанда шығынның 30 пайызы қайтарылсын деген талаппен арызданған еді. Шамамен 6 млн теңге. Сот процесінде келтірілген дәйектерге сүйеніп мен шағымды қанағатандыру керек деген шешім шығардым. Аппеляциялық комиссия шешімді жоққа шығарды. Өйткені екіжақты келісім уақытымен тіркелмеген.

 

Тұтынушылар пайдаланылған коммуналдық қызмет құнында уақтылы өтей қоймайды. Қарыз бюджеттік ұйымдарда басым. Былтыр аталмыш сотқа берешектерге қатысты 900-ден артық іс түскен.

 

Қайрат Шаймергенов, СҚО мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:

-Коммуналдық қызметтің құнын міндетті түрде келесі айдың 17-не дейін өтеу керек. Жылдың басында бюджеттік мекемелерді қаржыландыру баяу жүреді. Сондықтан олар бұл мерзімнен әсіресе жылдың алғашқы ширегінде кеш қалады. Сондықтан осыған қатысты шағым көп түседі.

 

Жалпы 2012 жылы мамандандырылған ауданаралық сотында 4,5 мыңға тарта іс қаралып, 3/2-не қатысты нақты шешім шығарылды. Бар арыздың тең жартысына жуығы қанағаттандырылды.

 

Жеңіс Ермұқанов