Ауыл шаруашылығы

Ірі қара аукционы

 

Бәсекелестік саудаға түспес бұрын потенциалды саудагерлер асыл тұқымды мал репродукторын аралады. Өткен жылдың басында іске қосылған жоба құны 250 млн.теңгені құрапты. Былтыр кешенге АҚШ-тан 200 бас “Абердино-Ангус” тұқымдас ірі қара жеткізілген. Меймандарды негізінен қыстап шыққан жоғары өнімді төлдердің күйі қызықтырды. Бұл тайыншалар АҚШ-тың Оклохома штатынан жеткізілген құнажындардың алғашқы тұқымы. Облыс жағдайына бейімделіп қалған таналар өздері бұзаулайтын шаққа жетіпті. Бұл зеңгі баба төлдері етті бағытты болғанымен ерекше күтімді талап етіп, азық талғай қоймайды екен.

 

Арман Дәулетов, “Мамбетов және К” КС бас зоотехнигі:

– Қыста суыққа, жазда ыстыққа өте төзімді. Әсіресе сона көбейгенде жергілікті малдардай тиышсыз емес, терісі қалың. Бастысы тез бейімделеді. Өте жеңіл бұзаулайды. Төлдері алғашында шағын болғанымен кейін тәулігіне 1,2 келіге дейін салмақ қосады.

 

12 айда тірідей 500 келіге дейін барады. Оның 70 пайызы таза ет салмағы. Айтылған игі жәйт 2 жыл бұрын қолға алынған мал шаруашылығы әлеуетін дамыту бағдарламасының жемісі екені анық. Бұл бағытта облысқа шетелден 7 мың 600-ге тарта асыл тұқымды ірі қара жеткізілді. Бағдарламаның арқасында жергілікті агроқұрылымдар шекара аспай-ақ өзара мал алысып, тәжірибе бөлісетін кезге жетті. Тың бастаманы алғаш болып “Мамбетов және К” КС қолға алды. Өңір тарихында бұрын- соңды болмаған мал аукционына бір жылдық 30 аталық мал қойылды. Сенім ұялататын сауданың мүмкіндіктерін пайдаланып қалуға жергілікті шаруа қожалықтарының 13 жетекшісі асық. Әрбірі көзге түскенін таңдап, тиімді бағамен сатып алуға үмітті. Аукцион ағылшындық жүйе бойынша жүргізілді. Ниеттілер қол көтерген сайын әр лоттың бағасы кемінде 30 мың теңгеге өсіп отырады. “Шанс” лақап есімді алғашқы тайыншаның бастапқы құны 560 мың теңгені құраған-ды. Ақыр аяғында Геннадий Щеголовке 1 млн. 80 мың теңгеге түсті. Кейін тағы 4 бұқа оның қарамағындағы “Новомихайловское-2003” серіктестігіне ауысатын болды.

 

Геннадий Щёголев, “Новомихайловское – 2003” ЖШС директоры:

– Біз де мал шаруашылығымен айналысамыз. Бірақ тек етті ғана емес, сүтті бағытты қазақтың ақ бас сиырларын бағамыз. Мақсатым «Ангуспен» шағылыстырып, тұқымды жақсарту. Асыл тұқымды ірі қара мал қашан да сұранысқа ие.

 

“Стан” серіктестігінің басшысы Қанат Бекенов те алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалағанды жөн санапты. Ол 475 келілік танаға аукцион бойынша ең жоғары баға ұсынды. Мамлюттік ауыл еңбеккері сатып алған 4 бастың ең қымбаты 1 млн. 120 мың теңгеге түсті.

 

Қанат Бекенов, “Стан” ЖШС директоры:

– Биыл “Сыбаға” бағдарламасымен 120 бас ірі қара сатып алмақшымын. 30 сиырға бір бұқа керек. Сондықтан жергілікті малды асылдандыру үшін 4 бұқа сатып алдым.

 

Саудаға шығарылған 30 аталықтың 18-і сұранысқа ие болып 11,5 млн теңгеге өткізілді. Енді шаруашылық аналық құнажындарды аукционға қоюды жоспарлап отыр.

 

Жеңіс Ермұқанов