Денсаулық сақтау

“Дертті басқару” пилоттық жобасы

 

Тың жоба медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған. Негізінен артериалды гипертензия, жүрек ақауы және қант диабеті ауруларының қатарын азайтуды көздейді. Бұл бағдарламаның өзгелерден ерекшелігі – науқастардың да тікелей қатысуында. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Гүлнар Құлқаева сырқаттанғандар санының артуы, не кемуі халықтың жауапкершілігіне де байланысты дейді. Яғни, әр адамның денсаулығы өзінің қолында. Ендеше, қазақстандықтардың медициналық сауаттылығын арттыру қажет. Жаңа бағдарламада осы жағы жан-жақты қарастырылыпты.

 

Гүлнар Құлқаева, Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті бастығының орынбасары:

-Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда адамның денсаулығы көп жағдайда оның ұстанатын өмір салтына байланысты. Яғни темекі шегу, ішімдік ішу сияқты зиянды әрекеттер денсаулыққа теріс әсер етеді. Мұндай жоба көптеген шетелдерде енгізілген. Енді елімізде де жүзеге асырып көреміз. Бағдарлама аясында арнайы оқытылған медициналық қызметкерлер тұрғындардың медициналық сауаттылығын арттыруға көмектеседі.

 

Жоба Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында пилоттық түрде жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте жергілікті ақ халаттыларға үлкен сенім артылып отыр. Өңіріміздің медициналық қызметкерлері бағдарламаның тетіктерін меңгеруге білек сыбана кірісіп кетті.

 

Рашида Иванова, СҚО денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары:

-Пилоттық жоба бізде жүзеге асырылатыны қуантады. Өйткені, осылайша, біздің медициналық қызметкерлердің жұмысына жоғары баға беріліп отыр. Министрліктің сенімін ақтаймыз деп ойлаймын. Өйткені медициналық қызмет сапасын арттыруға бізде барлық мүмкіндіктер бар.

 

Сәуір айында тың жоба біртіндеп жүзеге асырыла бастамақ. Егер бағдарлама өз жемісін беретін болса, онда еліміздің барлық аймақтарындағы дәрігерлер осының негізінде жұмыс жасайтын болады.

 

Айдана Демесінова