Құқық қорғау органдары

“Автокран” акциясы

 

Жол сақшылары акцияға тыңғылықты дайындалған. Олар жол-көлік апаттарына ұшырап, бұзылған машиналар тіркелген эвакуаторлар керуенін өткізді. Шара негізінен жол апаты жиі орын алатын қаладағы Жамбыл, Интернационал және Пушкин көшелерін қамтыды.

 

Сайлаубек Мусин, СҚО ІІД ЖПБ бастығының орынбасары:

-Осылайша қоғамды жол жүру ережелерін сақтауға шақырып, жол апатын азайтуға әсер етуді көздедік. Өйткені, соңғы уақытта авариялардың саны айтарлықтай өсіп кетті.

 

Іс-шараға жол сақшыларынан басқа жас инспекторлар да белсенді қатысты. Оқушылар өз кезегінде қала тұрғындарына жол-көлік апатының алдын алу туралы мәліметтер жазылған жадынамалар таратып, жүргізушілер және жолаушыларды әңгімеге тартты. Акцияға балалар бекер жұмылдырылған жоқ. Өйткені, оқушылар тынығатын жазғы демалыс алыс емес. Көшеде балалар көбейеді. Сол себепті, полицейлер оларға жолда абай болуды ескертіп қойды.

 

Екатерина Серебренникова, № 23 орта мектеп оқушысы:

-Бүгін №23  орта мектеп оқушылары топ құрап, ұйымдасқан түрде жұмыс істеді. Шара тек ересектер үшін ғана емес, балаларға да өте пайдалы. Енді, жасөспірімдер тәртіпке аса мән береді деген сенімдемін.

 

“Автокран” акциясы өткізілген “Құқықтық тәртіп” шұғыл-алдын алу операциясы барысында бір күннің ішінде облыс аумағында 296 жолда жүру ережесін бұзу жағдайы тіркеліп, рөлге масаң күйде отырған 15 жүргізуші ұсталыпты.

 

Данаш Хамзина