Мәдениет

Мектеп-гимназиядағы Наурыз мейрамы

 

Наурыз – жыл басы тойы. Ұлыстың ұлы күнінде Самарқанның көк тасы жібіп, айнала бусанып, күн шуағын төгеді. Мерекеге ата-аналар мен оқушылар үлкен дайындық жасапты.  Бұл оқу ордасында Наурыз осымен 6 жыл қатарынан тойланып келеді. Мұғалімдерден бастап, оқушылар және ата-аналардың бәрі ұлттық киім киіп, ән салып, би билеуде. Дайындық тобынан бастап 6-шы сыныпқа дейінгі оқушылар киіз үй тігіп, дастархан жайды. Әр үстелінде ұлттық тағамдар қойылды. Және Наурыз мейрамының басты тағамы наурыз көже де бар. Ал дастархан басына жиналған қариялар өздерінің батасын беріп, қазақстандықтарды ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.  Мұнда  асық, арқан тарту, алтыбақан тебу сынды ұлттық ойындар да ойналды. Және ежелден келе жатқан нәрестені бесікке салу дәстүрі де көрсетілді.

Бейнегүл Қорқытбаеваның қызы бұл мектеп-гимназияда үшінші сыныпта оқиды. Анасы мерекеге ұлттық тағам  әзірлеп келіпті. Бастауыш сынып оқушыларының да көңілдері көтеріңкі. Олар да баршаны Наурыз мерекесімен құттықтады. Білім ордасының шәкірттері бар өнерлерін ортаға салды, бірі «Қаражорға» билесе, екіншілері ән салып, жырларын оқып берді. Осылайша мұндағылар бір-бірімен төс қағыстырып, жаңа жылдан жақсылық күтіп, бір-бірлеріне ыстық тілектерін жолдады.

 

Гүлбану Ахметова