Құқық қорғау органдары

«Телефон лаңкесі» 11 жасар оқушы болып шықты

 

Естеріңізге сала кетейік, наурыздың 12-сі күні Петропавл қаласындағы «Жакко» дүкенінде жарылғыш зат бар деп белгісіз біреу сатушыға телефон соғады. Оқиға орнына бірден жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметкерлері мен тәртіп сақшылары шақырылып, дүкен қызметкерлері мен нысан орналасқан үйдің тұрғындары қауіпсіз аймаққа шығырылады. Көп ұзамай ешқандай жарылғыш заттың жоқтығы анықталып, адамдар өз жұмыс орындары мен үйлеріне оралды. Бұл оқиға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

 

Спартак Қабденов, СҚО ІІД қызметкері:

-Жарылғыш зат қойылды деген жалған хабар бойынша ШҚО ІІД қызметкерлерімен бірлесіп 5-ші сыныптың оқушысы анықталды. Ол Шар қаласында тұрады. 2002 жылы туған. Оған қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр .

 

Тәртіп сақшылары қазір Шығыс Қазақстан облысының 11 жастағы тұрғыны қалайша теріскейге хабарласқаны жайлы толық ақпарат жинауда. Ал баланың теріс әрекеті үшін ата-анасы жауапқа тартылатын болады.

 

Спартак Қабденов, СҚО ІІД қызметкері:

Бүгінде полиция керекті техникалық құрылғылармен қамтылған. Өткен жылы облыс бойынша жалған хабар бойынша 2 жағдай тіркелген болатын. Олардың барлығы ашылды.

 

Енді мұндай әрекет қатаң жазаланатын болды. Өйткені, өткен жылдың қаңтар айында заңнамаға өзгерістер енгізілді. Өтірігімен жұртты дүрліктірген телефон қалжыңбастары бұрын темір торға 3 жылға дейін тоғытылса, енді 6 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

 

Данаш Хамзина