Ауыл шаруашылығы

Аграрийлерді қаржылық қолдау

 

Ауыл шаруашылығы ел экономикасының қозғаушы күштерінің бірі болып табылады. Тоқырау кезеңінде тұралап қалған бұл сала қазіргі күні өткеннің есесін қайтару үстінде. Оған Үкімет тарапынан да айтарлықтай қолдау бар. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, қазіргі күні жүзеге асырылу үстінде. Егін шаруашылығына заманауи жаңашылдықтардың енгізілуі, машина-трактор паркінің қуаттылығы жоғары техникамен толығуы, мал басын дамытуда, өнімділігі жоғары етті-сүтті бағыттағы шетелдік төрт түліктің елімізге жеткізілуі соған дәлел бола алады.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Президент мемлекеттік қолдауды 2020 жылға дейін 4,5 есеге арттыра отырып, егін алқаптарын ұлғайтып, жаңа технологияларды енгізу арқылы ауыл шаруашылығын ауқымды жаңғырту қажет деп атап өтті. Мемлекет осы мақсатта несие ресурстарын бөлуде. Аталмыш несие “Қаз Агро” Ұлттық басқарушы холдингі” АҚ қаржы институттары іске асырылады.

 

Өңіріміздегі аграрлық сала күн санап қанатын кеңге жаю үстінде. Оған “Қаз Агро” ұлттық басқарушы холдингі” АҚ көрсетіп отырған қолдауы ұшан теңіз. Олар бұл жұмыстарды алдағы уақытта да атқарамыз дейді. Тек тың идеялар мен нақты жоба ұсыну қажет.

 

Дулат Айтжанов, “Қаз Агро” Ұлттық басқарушы холдингі” АҚ басқарма төрағасы:

-Холдингтің инвестициялық портфеліне 275 жоба енген. Жалпы құны 204 миллиард теңгені құрайды. Солтүстік Қазақстан облысы құны 11,4 миллиард теңге болатын 34 жоба ұсынған болатын, қазіргі күні оның 22-сі қолданысқа енгізілді. Құны 8,1 миллиард теңге.

 

Елбасы ірі агроқұрылым жетекшілеріне егіншілікпен қатар мал шаруашылығын дамытуды да міндеттеген болатын. Өңірімізде бұл жұмыстар тиісті деңгейде атқарылып жатыр Соңғы жылдары шетелден өнімділігі жоғары асыл тұқымды ірі мал әкелушілер қатары көбейіп келеді. Мұхит асып келген зеңгібаба төлінің басым бөлігі етті тұқым.

 

Әнас Баққожаев, “Қаз Агро” Ұлттық басқарушы холдингі” АҚ басқарушы директоры:

-«Сыбаға» бағдарламасына қатысуға ниет білдіргендермен жасалған келісім-шартта оларға жеткізілетін ірі қара бордақылау алаңдарында болуы тиістігі көрсетілген. Алайда ол көп жағдайда сақтала бермейді. Оған себеп бордақылау алаңының ұсынатын бағасында. Олар тірі салмақтың әр келісіне шамамен 450 теңгеден ұсынады. Ал шаруаларға ол тиімсіз, сондықтан олар көп жағдайда малды өздерінде өсіріп, етті нарықтағы бағаға сай өткізеді. Бұл біздің шарттарымызға қарсы сондықтан осыны да ойлану керек.

 

Жиында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржылай қолдау тұрғысында өткен жылы қандай жұмыстар атқарғандықтарынан “ҚазАгрофинанс” пен “Аграрлық несие корпорациясы” өкілдері де құлағдар етті. Олардың да егіншілік, мал басын дамыту, лизингке техника алу бағыттарында шаруаларға көмектері аз емес. Бұл жұмыстарды одан әрі де дамытамыз дейді мамандар. Қайдан қаржы алғыңыз келеді, қайсысының шарттары тиімді, оны таңдау өз құқыңыз.

Бие сүтіне дотация беріле ме?

– Оған қаржы бермегенбіз осыған дейін, оны ойластыру керек.

 

Жиында «Қазагро» өкілдеріне шаруалар тарапынан қойылған сауалдардың ешқайсысы жауапсыз қалмады. Олардың негізгі мақсаты – Елбасының ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы тапсырмаларын жүзеге асыруға қаржылай қолдау көрсету.

 

Самат Есмағи