Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жоғалған оқушы табылды

Еске сала кетейік, наурыздың 13-інде 13 жасар Сергей Семенченя мектептен қайтып оралмаған. Кейін анықталғандай сабақтан соң үйге жеттім-ау дегенде белгісіз біреулер оқушыны еріксіз жеңіл көлікке отырғызып алып кетіпті. Өстіп 10 минуттық жаяу қайтар жолы 200 шақырымға созылған. 7 сынып оқушысының қол-аяғын байлап, Көкшетау қаласындағы жалдамалы пәтерге қамап қояды. Зәресі ұшқан бала ұрылардың нұсқауымен өгей әкесіне қоңырау шалады.

Виктор Шиманский, Сергейдің өгей әкесі:

– Сережа мені бейтаныс адамдар ұрлады деп қана айтып үлгерді. Кейін баланы тірі көргілерің келсе ақша жинаңдар деп екі аяғымызды бір етікке тыққан СМС хаты келді. бірақ нақты соманы айтқан жоқ. Бірден тәртіп сақшыларына хабарладық. 30 шақты полицей дереу келіп іздестіру жұмыстарына кірісті. Барлық қала халқы бірлігін көрсетті, жан-жақтан көмектерін ұсынды.

Қайырымды жандардың жұмылуымен жоғалған жасөспірімнің телефоны табылды. Кейін сезіктілер жайында жедел ақпарат жиналды. Араға екі күн салып, тәртіп сақшылары адам ұрлауды кәсіп еткен киднейперлердің ізіне түсті.

Думан Таев, СҚО ІІД бастығының бірінші орынбасары:

– Телефон мен автокөліктің нөмірі бізге белгілі болды. Сол жақсы көмек болды. Іздестіру жұмысын күшейттік. Әр қызметкер өз жұмысын жақсы атқарды. Штурм болған жоқ, келісімге келдік.

Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 37 жасар петропавлдық ұсталды. Өзге сыбайластары іздерін суытып үлгерген. Облыстық ІІД бастығы Мұрат Ұрымханов айыптылар заң алдында жауап беруден құтылмайтынын жеткізді. Оларды құрықтауға жеке құрам толықтай жұмылдырылыпты. Ең бастысы 4 тәулік бойы қылмыскерлердің қолында болған Сергей аман-есен жақындарымен қайта қауышты.

Ирина Шиманская, Сергейдің анасы:

– Тәртіп сақшыларының антына адал, сертіне берік екендігіне көз жеткіздім. Олар 4 тәулік бойы көз алдымда күн отырмай,түн ұйықтамай, бар күш жігерін салды. Алғысымды сөзбен жеткізе алмаймын. Менің айтарым заңсыз жолмен оңай ақша табу мүмкін емес. Полицейлер заманауи құралдармен жабдықталған. Ерте ме, кеш пе бәрібір қолға түседі. Сондықтан бұндай арам ойдан мүлдем арылған жөн болады.

Бала ұрлығына барғандардың 2-і кезінде қылмыскерлермен күрескен жергілікті жедел уәкілдер болған екен. Өткен жаздағы мемлекеттік аттестациялауда кәсібиліктерін дәлелдей алмай, сынақтан сүрініпті. Айыпталушылардың жасөспірімді ұрлап, бостандығын шектегендігі дәлелденсе, 15 жылға дейін темір торға тоғытылуы мүмкін.

Жеңіс Ермұқанов