ТЖ

Өңірде көктемгі су тасқынының алдын алуға 328 млн теңге қарастырылған

 

Алдын-ала болжамға сәйкес көктемгі су тасқыны орташа көрсеткіштен жоғары болады деп күтілуде. Шынымен қыс жауын-шашынға сараң болмады. Маусым бойы қар молынан жиналды. Сондықтан арнайы қызметтер табиғи апаттың алдын алу шараларына ерте қамданып, кешенді жұмыс ауқымы белгіленіп қойылыпты. Қардың еруі мен гидронысандардағы судың деңгейіне күнара мониторинг жүргізіледі.

Владимир Балахонцев, СҚО әкімінің орынбасары:

– Әсіресе апаттық жағдайдағы Шарық су қоймасы жіті бақылауға алынды. Оның сыйымдылығы 9 млн текше метр. Бүгінде 70 пайызы толық. Қолданған шаралардың арқасында судың деңгейі 20 сантиметрге төмендеді. Су тасқыны болуы мүмкін деген аумақтар анықталды. Әсіресе Есіл өзені бойындағы қалың мұзды жару жұмыстарына кірістік.

10 мыңнан артық тұрғыны бар 32 елді мекенді су басу қаупі жоғары. Көбімен қатынас үзілуі мүмкін. Маңызды жолдар шайылады. Бұл ауылдар азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамтылған. Арнайы төтенше жағдайды ауыздықтауға құрылған 338 қызметтің 3,5 мыңнан артық құтқарушысы көмекке келуге әзір. Қажеттімен толықтай жабдықталған мыңнан артық техника сайланып қойылды. Соңғы оқыту жиыны барлық құрылымдардың сақадай сайлылығын көрсеткен. Жанармай мен инерттік материалдар толық.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Өткен жылғы зерттеулер мен биылғы түскен жауын-шашынды ескеріп төтенше жағдайды болдырмауға әрекет ету керек. Сенбіліктер ұйымдастырып, қаладағы, ауылдардағы, әр ауладағы қарды сыртқа шығарған дұрыс болады. Осыған бар күш-жігерді жұмсаған жөн. Мереке күндері де барлық қызметтер сап түзеуге дайын болуы тиіс.

Жалпы биылдыққа өңір бойынша көктемгі су тасқынының алдын алуға 328 млн теңге қарастырылыпты.

Жеңіс Ермұқанов