Білім

Мұғалімдер біліктіліктерін жоғарылатуда

Ел болашағы жастардың қолында болғандықтан, ұстаздарға артылар жүк ауыр. Сондықтан мемлекетімізде мұғалімдердің кәсіби шеберлігін шыңдауға көп мән беріліп келеді. Ағымдағы жылдан бастап оқытушылар 3 деңгей бойынша оқу курстарынан өтпек. Бұл үшін өткен жылы Кембридж университетінен 27 маман шақыртылыпты. Олар қазақстандық білім саласының бірқатар қызметкеріне дәріс оқыпты. Енді олардың тәжірибесін еліміздің өзге мұғалімдері де меңгере алады. Арнайы курстарда біліктілігін арттырғандардың жалақысы да ұлғаяды екен.

Ольга Тушинская, педагогикалық шеберлік орталығы филиалының директоры:

-3-ші деңгейлі негізгі курста білімін шыңдаған мұғалімнің жалақысы 30 пайызға, 2-деңгейлі курста оқығандардың жалақысы 70 пайызға, ал 1-деңгейлі курста біліктілігін арттырған оқытушының еңбекақысы 100 пайызға көбейеді. Облысымызда 300-ге тарта мұғалім 3-ші деңгейлі курстың дәрістерін тыңдап үлгерді. Жыл сайын олардың қатарын арттыру көзделген. Бағдарламаны жүзеге асыру 4 жылға жоспарланып отыр.

Өзге мемлекеттерде мұғалімдер өз қаражатына біліктіліктерін арттыратын көрінеді. Ал біздің елімізде оқу ісінің хас шебері атанғысы келетіндерге жол ашық. Әрі оқу курстарынын құнын үкімет өтейді.  Шал ақын ауданындағы Кеңес орта мектебінің мұғалімдері жыл сайын білімдерін шыңдап тұрады. Оның нәтижесі де бар, дейді оқу ошағының директоры. Мәселен, өткен жылы бұл оқу ордасын тәмамдаған 11 түлектің 7-уі мемлекеттік грант иегері атаныпты. Мектеп ұжымы жаңа жобаға қатысуға да ниетті.

Балапан Базарбекова, Кеңес орта мектебінің директоры, Шал ақын ауданы:

-Мұғалімдерді деңгейлік оқыту оң жолға қойылып отыр. Біздің мектептен де мұғалімдер оқып келіп, сабақ беруде үлкен жаңашылдықтармен жұмыс істеуде. Басқа да мұғалімдеріміз соған баруға тілектерін білдіріп отыр. Наурыз айында бастауыш сыныбының мұғалімі бармақшы. Тағы 3 мұғаліміміз деңгейлік оқуда білімін шыңдауды көздеп отыр.

Жалпы 4 жылдың ішінде 6 мыңға жуық мұғалімнің біліктілігін арттыру көзделіп отыр.

Айдана Демесінова