Ауыл шаруашылығы

Меңгесерде су әр үйге енгізіледі

Меңгесер ауылы халқының өзекті мәселелерінің бірі таза ауыз су болатын. Мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасының шарапаты шалғайдағы елді мекенге де жетті. Оған мұрындық болған «Мәмбетов и К» командиттік серіктестігі. Тіршілік көзін тартуға қажетті жоба-сметалық құжатты олар өз қаражаттарына жасатқан. Осылайша үкіметтен қолдау табылып, ауылға су жетті. Қазір ол   мұнараға келіп тұр. Оның өзі жанға медеу болды дейді меңгесерліктер.

Петр Курдюков, ауыл тұрғыны:

-Бұрын су мәселесі өте күрделі болатын. Ол 10 шақырым жерден тасымалданып жүрді. Сапасыз, амалсыздан соны іштік. Өткен жылдан бастап бейнетіміз ұмытылды. Таза суға қолымыз жетті. Енді оны әр үйге енгізбек. Соны асыға күтудеміз.

Су сырттан тасылған тұста елді мекенге күніне 4 текше метрлік бөшкемен су екі рет жеткізіледі екен. Үлгерсең ұтасың, үлгермесең  – шелек ұстап көршіге баруға мәжбүр боласың. Әсіресе бұл жағдай қыста қиындық туғызатын дейді ауыл халқы. Қазір елді мекеннің шетінен су мұнарасы тұрғызылыпты. Оған үздіксіз су келіп тұр. Қанша аламын десең де ерік өзіңде.

Еркебұлан Мәмбетов, «Мәмбетов и К» командиттік серіктестігінің бас директоры:

-Шаруашылық қаражат бөліп, әрбір тұрғын үйге су кіргізуге проект жасағанбыз. Соның арқасында мемлекеттен қаражат бөлініп, 2012 жылы 90 миллион теңгеге су құбырлары тартылды. Биыл оны әр үйге енгіземіз.

обаның жалпы құны 240 миллион теңгені құрайды. Өткен жылға бөлінген қаржы толығымен игерілген. Биыл оның қалғаны беріліп, діттелген жұмыс толығымен аяқталмақ. Сушылар бұл шаруаға жер құрғасымен кіріседі. Әзірге тіршілік көзі әр үйге мұнарадан тасылып берілуде. Жергілікті халық еркін суға қол жеткізер күн де алыс емес дейді. Елде барға ерін тиеді деген осы.

Самат Есмағи