Спорт

«Институт барысы» анықталды

 

Әскери институттың курсанттары тартысқа ұлттық нақышта киініп келген. Бұл олардың қазақ күресіне деген үлкен құрметі болса керек. Сондай-ақ, оқу орнында үлгі тұтарлық палуан-оқытушылар да аз емес. Олар – әлемдік аренада өзіндік орны бар балуандар. Ендеше, әскери институтта спорт, әсіресе, қазақ күресінің дамуы оң жолға қойылған деп айтуға болады.

Бауыржан Досжанов, ҚР ІІМ ІӘ әскери институты дене шынықтыру және спорт кафедрасының оқытушысы:

Қазақша күрестен Еуропа чемпионы капитан Нүсіпов Мақсат – біздің дене шынықтыру кафедрасының оқытушысы осы жарысқа қатысуда. Сосын біздің лейтенат Қырықбай Айбек “Қызылжар барысының” чемпионы болған. Ол қазір Көкшетау қаласында сайысқа қатысып жатыр.

Қазақ күресінде күшке қоса шапшаңдық қажет. Келген сәтті ұтымды пайдаланып, палуанды аз уақыттың ішінде жерге алып ұру да өнер, әрі тәжірибе керек. Курсант Манас Әбуов та осал емес екен. Ол көп қиналмай, қарсыласының жауырынын жерге тигізді. Оның күреспен айналысып жүргеніне 7 жыл.

Манас Әбуов, ҚР ІІМ ІӘ әскери институтының курсанты:

Турнирде 1-ші орын аламын деп ойлаймын. Өйткені, осы жарысқа қаншама уақыт дайындалдым.

Ал Алмаз Бектенов қазақ күресімен бала жасынан айналысады. Бүгінде айтарлықтай тәжірибесі қалыптасқан спортшы.

Алмаз Бектенов, ҚР ІІМ ІӘ әскери институтының курсанты:

-Менің ең үлкен дәрежем – самбо күресінен спорт шеберлігіне үміткер атанғаным. Ішкі әскерлер арасындағы жарыстарға қатысып, қола жүлдегер болдым. Енді жеңімпазға қол жеткізгім келеді.

Турнир соңында үздік балуандар медаль және кубокпен марапатталады.

Данаш Хамзина