Билік

Серік Біләлов Сенат депутаты болып сайланды

Орыс драма театрында ұйымдасқан сайлау учаскесіне өңіріміздің барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары уақытынан ертерек жиналды. Халық қалаулыларының мақсаты Сенатта өңір мүддесін қорғауға лайықты азаматты таңдау. Әрбірі берген дауысы дұрыс болатынына нық сенімді.

Қанат Мыңжасов, облыстық мәслихат депутаты:

– Облысымызға қатысты мәселелердің шешілуіне атсалысатын беделді адамды таңдауға тырысамыз.

Жангелді Тәжин, қалалық мәслихат депутаты:

Жоғарғы билікте өңір атынан адам болу керек. Сондықтан бүгінгі сайлау аса маңызды.

СҚО сайлау комиссиясының отырысында өңір атынан ҚР Парламенті Сенатына үміткер 2 депутат тіркелді. Оның бірі өлкені 5,5 жыл басқарған Біләлов Серік Сұлтанғазыұлы. Үміткерді М. Жұмабаев және Тайынша аудандарының мәслихаттары “Нұр Отан” партиясының атынан сенаторлыққа лайық деп ұсыныпты. Екінші кандидат – Сәдуақасов Қабиден Қайырденұлы. Ол өзін-өзі ұсынушы. Қазір Сәдуақасов облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына жетекшілік етеді. Жиналғандар жасырын түрде дауыс беру арқылы таңдауларын қағаз жүзінде нақтылады. Ол үшін 3 бірдей кабина орнатылды.  Жарты сағаттың ішінде сайлаушылардың бір адамдай жұмылуымен негізгі іс тындырылып, таңдау жасалды. Кейін байқаушылар мен сайлау комиссиясы өкілдерінің көз алдында бюллетеньдер салынған урна ашылып, дауыстар саналды.

Қайырлы Едіресов, облыстық мәслихат хатшысы:

– СҚО әр деңгейдегі аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттарда 212 депутат бар. Соның 207-сі келіп, Сенатқа депутат сайланды. Сайлауалды кездесуде, сайлау өткенде ешқандай заң бұзушылық болған жоқ,  бәрі біздің ҚР Конституциясында тағайындалған тәртіппен өтті.

Сайлауға атсалысқан депутаттардың 89,5 % таңдауы бір жерде тоғысты. Тілегі бірлердің қалауымен Серік Біләлівке басымдық берілді.

Сондай-ақ осы жерде өңір депуттаттарының арасында өткен спартакиаданың қорытындысы жарияланды. Жеңімпаздар түрлі марапатқа ие болды.

Жеңіс Ермұқанов