Қоғам

Петропавлда Сүйіндік Бегалинге мемориалдық тақта орнатылды

Педагогика ғылымдарының кандидаты, кәсіптік -техникалық білім беру жүйесінің үздігі Сүйіндік Бегалиннің өмірден озғанына 5 жыл өткен екен. Осыған орай бүгін колледж алдына оның туған-туыс, жора-жолдастары мен әріптестері жиылып, марқұмды еске алуға арналған мемориалдық тақтаның ашылуына қатысты. Сүйіндік Қазиханұлы колледжді басқарған 10 жыл уақыттың ішінде спорт бағытын дамытуды қолға алған. Ол – оқу орнында 15 жыл бұрын “Дене тәрбиесі” мамандығын алғаш рет ашқан азамат. Оның өз ісіндегі білікті маман, тәжірибелі басшы ретінде еңбегін әріптестері жоғары бағалап отыр.

Алма Құсайынова, СҚ КПК кәсіби білім беру және кадрларды даярлау бөлімінің бастығы:

-Сүйіндік Қазиханұлы – облысымыздың құрметті азаматы. Ол бұл колледжде талай уақыт еңбек етті. Бастапқыда студенттерге сабақ берді, кейіннен директордың орынбасары мен басшы лауазымына дейін көтерілді. Сүйіндік Бегалин қызмет атқарған жылдары Қорған қаласының мемлекеттік университетімен әріптестік қарым-қатынас нығайтылды.

Мұнда сондай-ақ, Сүйіндік Бегалинді еске алуға арналған футзалдан 5-халықаралық турнирдің ашылу салтанатты өтті. Тартысты додаға барлығы 8 құрама қатысуда. Жұбайының еңбегі бағаланып, осыншама құрмет көрсетіліп жатқанына Сүйіндік Бегалиннің зайыбы Нүргұл Бегалина да ризашылығын білдірді.

Нұргүл Бегалина, Сүйіндік Бегалиннің зайыбы:

– 30 жасында қалалық депутат болып жұмыс істеді. Колледжге оның көп еңбегі сіңді. Бүгін міне соны ескеріп, аты берілді және меморалдық тақта ашылды.

Турнирге облыс құрамаларымен қатар Астана қаласы мен Ресейден келген футболшылар да қатысты. Олардың ішінде медицина колледжінің студенттері де бар. Спорттық жарыстарды қалт жібермейтін олар әрдайым жүлделі орындардан көрініп жүр екен.

Жарқын Нұрышев, Солтүстік Қазақстан медицина колледжінің студенті:

– Біздің команда жақсы дайындықпен келдік. Әрдайым жақсы орындардан көрініп жүрміз. Жеңіске жететінімізге сенімдімін.

Халықаралық турнир екі күнге жалғасады. Жеңіске жеткендерге Сүйіндік Бегалин атындағы кубок, медаль және мақтау қағазы табыс етіледі.

Гүлбану Ахметова