ТЖ

Ойқаланы су басу қаупі бар

Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Галат 5-армия көшесіндегі  үйде 25 жылдан бері тұрады. Ардагердің ауласында қыс бойы жиналған қарды қолдарына күрек алған қалалық жұмыспен қамту бөлімінің мамандары тазалап берген.

Василий Галат, ҰОС ардагері:

Ойқаланы түгел қар басты. 2 апта бұрын келіп машинамен қарды алып кетті. Бүгін міне тағы келіп, көмектесіп жатыр. Кімге алғыс айтарымды да білмеймін.

Ардагердің айтуына қарағанда, осында қанша жыл тұрса да үйін ешқашан су басып көрмепті. Дегенмен де осы маңдағы Смирнов, Демиденко көшелерінің тұрғындары үшін мәселе әлдеқайда қиын болғалы тұр. Оның үстіне биылғы қыста жауған қар жылдағыдан әлдеқайда көп. Тау болып үйілген қар ерісе, Ойқала ауданы тұрғындарының үйін су басуы әбден мүмкін.

Анатолий Чагочкин:

Мына үйді көріп тұрсыздар, төмен орналасқан. Жыл сайын қар ерігенде су тіземізден келеді. Ал биыл қар екі есе көп. Не істерімізді білмейміз.

Ирина Куприянова:

Қыста аздап тазартқан. Бірақ толастамай жауған қар қайта үйілді. Көктем-жаз айларында біздің үйіміздің асты суға толып тұрады. Жүретін жолдың бәрін су басады. Сондықтан өте қиын.

Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары тұрғындарды аулаларын қардан тазартуға шақырып, рейдке шықты. Қарды шығару біздің құзырымызда емес. Алайда су тасқынының алдын алып, төтенше жағдай орын алса, көмек көрсету міндетіміз дейді құтқарушылар.

Сергей Черкасов, СҚО Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің суда құтқару станциясының бастығы:

– Су тасқынына қарсы күрес жүргізетін комиссия құрылды. Яғни біз қазір қаланың барлық аудандарына шығып, су басу қаупі бар деген аудандарға коммуналдық қызмет көрсетушілерді мүмкіндігінше жұмылдыруға тырысамыз. Осы күні ерекше су басу қаупі бар аудандар – Былғарызауыты, Заречный және Ойқала. Өйткені еріген қар суы төменге қарай ағады.

Әспет Әбдірешова