Аптадағы маңызды жаңалықтар

Нұротандықтар өнеркәсіп орындарында жұмысшылармен кездесті

Соңғы жылдары «Мұнаймаш» АҚ ісі өрге домалап келеді. Бұған «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» сынды түрлі жобалар септесіп келеді. Өткен жылы зауыт 12 жоғары технологиялық озық қондырғы сатып алды. Бұл жабдықтар еңбек өнімділігін 2 есеге арттыруға мүмкіндік берді. Дегенмен, жетістікке жетуге жұмысшылар да өз үлестерін қосты. Олардың жемісті еңбектенуіне тиісті жағдайлар жасалған. Барлық талаптарға жауап беретін асхана мен спортпен шұғылдану үшін тренажер залы да бар. Жұмысшылардың жағдайын білу мақсатында зауытқа атқарушы билік өкілдері мен нұротандықтар келді. Жиын өткізіп, зауыттағыларды толғандырып жүрген мәселелерді сұрастырды. Қызметкерлерді жаяу жүргіншілер жолының болмауы алаңдатады екен.

Нина Овсянкина, «Мұнаймаш» АҚ қызметкерлері кәсіподағының төрайымы:

Бүгін бізде бір-ақ проблема бар. Ол – тротуардың тазаланбауы. Оны аршудың орнына, керісінше, бар қарды соған үйеді. Көліктер қатынайтын жолмен жүруге мәжбүрміз. Бұл, әрине, қауіпті. Меймандар мәселенің қараусыз қалмайтынын айтты.

Кездесуде айтылған проблемаларды «Нұр Отан» ХДП СҚОФ өкілдері бақылауға алды.

Арман Бердағұлов, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ төрағасының орынбасары:

-«Нұр Отан» партиясының міндеті – халықтың мұң-мұқтажын біліп, мәселелерін шешу. Бүгін «Мұнаймаш» зауыты жұмысшыларының жағдайымен танысып, олардың мәселелерін білдік. Бүгінгі акция осыған бағытталып отыр.

 

Биыл «Мұнаймаш» АҚ-на 2,2 млрд теңгенің тапсырысы түсіпті. Сондай-ақ, бұл күні жергілікті атқарушы билік өкілдері мен нұротандықтар  Киров атындағы зауыттың  жұмысшыларымен кездесті. Бұл жерде де қызметкерлерге қолайлы жағдайлар жасалған. Өткен жылы кәсіпорын жатақханасының құрылысы аяқталып, қолданысқа беріліпті. Алайда олқылықтар да жоқ емес. Бұл жерде жылу және жарық мәселесімен біраз келеңсіздіктер туындаған. Өйткені тұрғындар заңды тұлғаларға белгіленген тариф бойынша төлейді екен.

Виталий Бескоровайный, «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ атқарушы директоры:

-Жылу мен жарық мәселесінің түйіні әлі тарқатылған емес. Жылу бойынша энергетиктер қойған талаптарды орындадық. Олар табиғи монополияларды реттеу агенттігіне хат жіберді. Келесі аптада жауабы белгілі болады. Жарық проблемасы әлдеқайда күрделі. Олардың талаптарын орындау үшін біраз шығындаламыз. Бұл үшін шамамен 6 млн теңге жұмсауға мәжбүрміз.

Қайрат Бекенов қала әкімінің орынбасары Қайролла Ғалеевке бұл шаруаны тындыруды тапсырды.

Қайрат Бекенов, облыс әкімінің орынбасары:

-Табиғи монополияларды реттеу агенттігі облыстық департаментінің өкілдерімен, жауапты тұлғалармен кездесіп, бұл мәселені шешуге тырысып көріңіздер.

Баспаналы болуды армандайтын жұмысшыларды қолжетімді тұрғын үй мәселесі қызықтырды. Бірқатары мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне балаларын орналастыру жағдайын сұрастырды.

Олеся Липатова, «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ есепшісі:

Мен – жалғызбасты анамын. Ұлыма 2 жас 7 ай болды. Жұмысқа шығу үшін оны 76 жасты әжеммен қалдыруға мәжбүрмін. Баламды балабақшаға орнастыруға көмектесулеріңізді сұраймын.

Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов жиында айтылған мәселелер назарсыз қалмайтынын тілге тиек етті.

Айдана Демесінова