Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда мектеп оқушысы жоғалды


13 жасар Сергей Семенченя “Дарын” мектебінде 7 сыныпта күндізгі бөлімде оқиды. Сабағы біткен соң ол достарымен үйге бет алады. 10 минутта жететін пәтеріне Сергей 13 наурыз күні оралмады. Баласы өзін 3 ер адамның ұрлап кеткені жайлы өгей әкесіне телефон шалып, хабарлапты. Баланың жақындары бірден құқық қорғау органдарына шағымданған.

Думан Таев, СҚО ІІД бастығының бірінші орынбасары:
Баланың әке-шешесі жеке кәсіпкерлер. Өздерінің жеке автожуу орталықтары бар. Және олардың ешкімге берешектері болмаған.

Әзірге қылмыскерлер жасөспірім үшін ештеңе талап етпеген. Сондықтан баланы ұрлау себептері де белгілісіз күйде қалып тұр.

Думан Таев, СҚО ІІД бастығының бірінші орынбасары:
Сергей Семенченяның үстінде сол күні сұр түсті қызыл өрнегі бар спорттық бас киім, қара-сұр түсті қысқа куртка, көк джинсы және қара баулы бәтіңке, қалтасында түскі тамаққа деген азынаулақ ақшасы, ұялы телефоны мен мектепке ұстайтын сөмкесі болған.

Полицейлер баланың ұрланғаны жайында 4 түрлі болжам жасап отыр. Оның әрқайсысы зерттеліп, іздеу жұмыстары жүргізілуде. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жалпы өңірде мұндай жағдай 90-шы жылдары тіркелген екен.

 

Гүлбану Ахметова