ТКШ

Газ берушілер өткен жылды қорытындылады

«Горгаз-Сервис» ЖШС 53 мыңнан астам тұтынушыға қызмет етеді. Олардың ішінде 2 айдан артық ақы өтемегендердің қарызы 18 млн теңгеге жуықтаған. Қоғамдық тыңдалым жылына бір-ақ рет өткізіледі. Сондықтан жиында монополистер тұрғындар алдында өздерінің атқарған жұмыстарын қорытындылап, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Юрий Шишкин, «Горгаз-Сервис» ЖШС ” директоры:
– Газ өткізу құбырларының жағдайын жыл сайын тексереміз. Сондықтан құрылғыларда айтарлықтай олқылықтар жоқ. Облыс орталығының әр учаскесі арнайы қызметкерге бекітілген. Мұндай 30 қызметкер бар.

Алайда келеңсіздіктер де жоқ емес. Жұмабаев көшесіндегі 98-үйдің кейбір тұрғындары 47 күн бойы газсыз отыр екен. Бір тұтынушының кесірінен тағы 3 бірдей пәтер көгілдір отыннан ажыратылыпты.

Марина Костикова, «Дорожник» ПИК төрайымы:
– 28 қаңтардан бастап газсыз отырмыз. Көршіміздің пәтерінен көгілдір отын ысырапталып жатыр деп түсіндіреді. Ал ол болса, бұл олқылықты жоюға келіспеуде. Енді бізге қосымша құбыр арқылы газ өткізуді ұсынды. Біз мұнымен келіспейміз.

Кәсіпорын басшылығы тұтынушы келісімге келіп, газдың шығындалуын тоқтатқан соң ғана мәселе шешіледі деп отыр. Сондай-ақ тұрғындарды көгілдір отынның сапасы да алаңдатады.

Тамара Мосиенко:
– Бізге таза көгілдір отын жеткізілмейтін тәрізді. Өйткені газды жаққанда, күйе пайда болатынын аңғардық.

Кәсіпорындағылар мұндай жағдайдың болуы мүмкін емес деген ойда. Өйткені 2006 жылдан бері газды үздік делдалдардың бірі – “Тенгизшевройл” компаниясынан аламыз деп түсіндірді. Бірақ монополистер көгілдір отынның сапасына қатысты шағымдар болса, жекеше қарастыруға дайынбыз деп отыр.

Инеш Шоқақова