Денсаулық сақтау

Тұмаурату жиіледі

Бүгінде өткір респираторлық вирустық инфекцияға шалдығу қаупі жоғары. Өткен аптада мұндай дертпен ауыратындардың саны облыс бойынша шамамен 30 пайызға артып, 2169-ға жеткен. Дені, яғни 75 пайызы – балалар. «Сақтықта – қорлық жоқ» демекші абай болған абзал. Сырқаттанбаудың амалдарын іздестіріп, аурудың алдын алу шараларына кіріскен жөн дейді мамандар.

Арман Күшбасов, Петропавл қалалық СЭҚБ эпидемиологиялық бақылау бөлімінің бастығы:
-Егер осы дерттің белгілері болса, бірден дәрігерді шақыру керек. Үйде отырған жөн. Өйткені өзгелерге жұқтырып алуыңыз мүмкін. Маска киіп жүріңіздер. Оны 3 сағат сайын ауыстыру керек. Витаминдерді пайдалану қажет. Қолды жиі сабынмен жуып жүрген абзал.

Өңір тұрғындарына тұмау дерті де қауіп төндіріп тұр. Өткір респираторлық вирусқа қарағанда ол әлдеқайда тез тарайтын көрінеді, әрі қайғылы аяқталуы да мүмкін. Қазанның бірінен 21 солтүстікқазақстандықтың тұмауға шалдыққаны анықталыпты. Оның үшеуі туралы өткен аптада белгілі болған. Бұл жағдайларда тұмаудың «А» және «В» түрлері кездесіпті. Өткір респираторлық вирус инфекциясы мен тұмаудың белгілері бірдей болғандықтан оларды ажырату қиын. Тұмау лабораториялық зерттеулер негізінде ғана анықталады екен.

Әсел Қантаева, СҚО бойынша санитарлық эпидемиологиялық сараптама орталығының вирусология лабораториясының меңгерушісі:
-Біз тұмауды анықтаған кезде полимераздық тізбекті реакция әдісін пайдаланамыз. Нәтижесі 6 сағаттан кейін белгілі болады. Барлық істі аяғына дейін жеткіземіз.

Аймақтағы жағдай ұшықпас үшін түрлі шаралар жүзеге асырылуда. Мамандар күн сайын өткір респираторлық вирустық инфекцияға және тұмауға шалдыққандардың санын анықтап, сараптауда. Санитарлық ақпараттандыру жұмыстары күшейтілді. Алайда бұл да жеткіліксіз, әр адам абай болып, мамандардың кеңестеріне құлақ салғаны жөн.

Айдана Демесінова