Аптадағы маңызды жаңалықтар

Меңкесерліктер асыл тұқымды малды аукционға қояды

 

Шаруашылықтағы америкалық «Абердин-Ангус» сиырлары екінші рет төл беріп жатыр. Бірер күнде өткен жылғы төлдің аталықтары аукцион арқылы сатылады. Бұл мал басын асылдандырамен дегендерге айтарлықтай көмек болары сөзсіз.  
«Мәмбетов и К» командиттік серіктестігі 1993 жылы құрылған. Содан бері өңіріміздегі көшбасшы агроқұрылымдар қатарынан көрініп келеді. Бірақ тек егіншілікпен айналысу аса тиімсіз. Оны өмірдің өзі дәлелдегендіктен қожалық мал шаруашылығын дамытуды да қолға алған болатын. Бұл ретте мемлекеттің потенциалы жоғары етті ірі қараны дамыту бағдарламасы олардың оң жамбасына келді. Осылайша серіктестік өткен жылы Американың Оклахома штатынан 200 бас «Абердин-Ангус» құнажындары мен 6 бас асыл тұқымды бұқа жеткізген болатын. Биыл зеңгібаба тұқымы теріскейдің екінші қысын бастан өткеруде. Мына тайыншалар алғашқы төлі.

Арман Дәулетов, «Мәмбетов и К» КС бас зоотехнигі:

Ангус тұқымы бұзауларының салмағы кішкентай болады туғанда 20-25 келі. Одан кейін бұл бұзаулар ай сайын салмақ қосып беріп тұрады 900-1 келіге дейін. Көкке шыққанда салмағы арта түседі. Күзде бөліп алдық, қазір асыл тұқымды репродукторлардың салмағы 450-490 килограмға дейін жетеді.

Бүгінде америкалық ірі қара екінші рет төлдеп жатыр. Онкүндік  бұзаулар көзге кішкентай болып көрінгенімен салмақ жинаулары жергілікті төлден 1,5 есеге жылдам. Енелерінің уызымен сүтіне жарып, жанында алты ай жүргеннен кейін күтімі бөлек болады. 10 айлық тайыншалардың қазіргі салмақтары 400 келі үстінде.

Константин Мишенев, «Мәмбетов и К» КС директоры:

Бізге мамандар малға ветеринарлық көмек көрсету тұрғысында тиісті ақыл-кеңестер берген болатын. Оны өзімізге ыңғайлап, ықшамдадық. Бүгінде нәтижесі жаман емес. Мал басы шығынсыз өсіп келеді. Тағы бір айтатын өзекті мәселе өңірімізде малға берілетін жем-азықтың рационын зерттейтін зертханалардың жоқтығы. Оны оң жолға қойсақ, мал организмінің азыққа деген сұранысын толығымен қамтамасыз етер едік, ол салмақ қосу үшін қажет.

Мұхит асып келген ірі қара теріскейдің табиғатына тез бейімделіп кеткен. Тамақ таңдамайды.Тек қажетті жем-азық дер кезінде жиналған әрі сиырдың организміне сәйкес теңестірілген болса жеткілікті дейді малшылар. Шамамен бір ірі қараны асырау үшін 10 гектар жер қажет. Оның жартысы жайылым, жартысына түрлі, азықтық дақылдар себіледі екен. Шаруашылық бұл мәселені де оң жолға қойған. Қожалықтағы мал басы қазіргі күні 367 жеткен. Оларды асыраумен 8 адам айналысады.

Сергей Сизов, жұмысшы:

Жұмыс бар. Жалақымызды уақтылы алып тұрамыз. Бізге одан басқа не керек. Жағдайымыз жақсы. Көктемгікүзгі дала жұмыстарына да қатысып тұрамыз.

Мал шаруашылығын дамытамын дегендерге мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау бар. Соны дер кезінде пайдаланған серіктестіктің бүгінде ісі оңға басуда. Ол ауылдықтар үшін де тиімді. Қосымша жұмыс орындары ашылады.

Еркебұлан Мәмбетов, «Мәмбетов и К» КС бас директоры:

Мемлекеттік қолдаудың арқасында «Казагрофинанстан» 140 миллион теңге қаржы алып, осы малдарды сатып әкелдік. Бір басқа 214 мың теңгеден субсидия берілді. Бірінші мақсатымыз асыл түлікті малды көбейтіп шағын шаруа қожалықтарына тарату, соның арқасында өңірдегі малдың сапасын көтеру.

Мал баққанға бітеді деген нақыл бар. Оған кеткен ақша ертеңгі күні өз-өзін артығымен ақтайды. Олай дейтін себебім, бірер күнде қожалық өткен жылғы төлдердің аталық торпақтарын аукцион арқылы сатпақ. Бұл мал басын асылдандырамын дегендерге айтарлықтай көмек болары сөзсіз. Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала деген бәлкім осыдан шыққан болар.

Самат Есмағи