Ауыл шаруашылығы

Ауыл кәсіпкерлерін мемлекеттік қолдау

Экономикасы тұрақты әрі қарқынды дамыған елдің өзі мықты. Сондықтан Елбасы жолдауында республика нарығында шағын және орта бизнестің үлесін 40 пайызға жеткізу керектігін баса айтты. Әсіресе жеке кәсіпкерлік кенже қалған ауылдық аймақтарға баса көңіл бөлген жөн.

Александр Иванищев, СҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары:
Біз елді мекендерді аралап, кәсіпкерлерге ашық есік күнін өткізуді қолға алдық. Сапарымыз Аққайың ауданынан басталды. Жыл бойы барлық аудандарға бару көзделген. Жаңа жылдан әр ауданда кәсіпкерлікті қолдау орталықтары ашылуда. Шалғайдағы ауылдықтарды мемлекеттік бағдарламалардан құлағдар ететін жылжымалы пункттер құрылмақ. Ай сайын басқарманың өзінде ашық есік күні ұйымдастырылады.

Жалпы облыста 22 мыңнан артық шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Онда 100 мыңға тарта солтүстікқазақстандық еңбек етеді. 8-мыңы былтыр құрылды. Облыста 2012 жылы қомақты демеудің арқасында өндіріс көлемінің артқаны байқалады. Тауар айналымы 1,5 есеге көбейді. Алайда шағын және орта бизнес ақсап тұр.

Ольга Цымбалюк, СҚО кәсіпкерлік және өнеркәсін басқармасының бөлім бастығы:
Үкімет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша 70-тен артық механизм ұсынылып отыр. Бүгінде лизингтер мен несиенің үстемеақысы қайтарымсыз 50 пайызға дейін қысқартылды. “Экспортер2020″ бағдарламасы аясында сыртқа тауар шығаратын саудагер шығынының тең жартысын мемлекет өтейді. Инфроқұрылымды, инженерлік желілерді жаңғыртуда да қолдау жасалады. Бұл мүмкіндіктерді пайдаланып қалуға кешенді түрде кірісу керек.

Бастысы ауыл еңбеккерлерінің кәсібін жаңа деңгейге көтеріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында отандық тауар өндірушілерді қаржылай сауықтыру. Істерін дөңгелетемін дегендерді негізінен қызықтыратыны да осы – тиімді несие алу. Бірақ бұған екінің бірінің қолы жетпейтін. Бұдан былай мемлекет кепілдіктің көп бөлігін де өз мойнына алып отыр.

Зейнеп Рахымбекова, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚОФ директоры:
Бұрындары 3 млн теңгеге дейін ғана жеңілдетілген несие берілетін. Биылдан бізге жүгінгендер одан екі есе артық соманы рәсімдей алады. Жылдық үстеме ақы 12 пайыздан 9,5 пайызға төмендетілді. “Сыбаға” және “Жұмыспен қамту” бағдарламаларымен тіпті 6 пайызбен несие беріледі. Биылғы 34 өтініштің біреуі аққайыңдық кәсіпкер.

Жиында егін және мал шаруашылықтарын әртараптандыру бойынша да бірқатар тың бастамалар сөз болды. Мемлекет тек қаржылық демеумен шектелмейді. Төл өнімнің сапасын арттырып, бәсекеге қабілетті болудың жолдарын нұсқап, кәсіпкерлерге сапалы кеңес береді.

Станислав Чукуев, “Кәсіпкерлікті дамыту қоры” ҚА СҚОФ маманы:
Есептік кезеңде 3 мыңға тарта тыңдаушыға бизнесті тиімді жүргізу тұрғысынан тегін кеңес берілді. Сапа менеджменті және аудит, бухгалтерлік есеп, кедендік баж салығы, мемлекеттік сатып алу сынды бағыттарда тегін қызмет көрсетеміз. Үздік жобаларды жүзеге асыруға септесеміз. Биыл 17 бизнесменді шетелде тәжірибеден өтуге жөнелтеміз.

Отырысқа бір адамдай жиылған өңіріміздің түрлі қаржы институттары шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін қызмет етуге әзірліктерін білдірді. Ұсыныстары да сан алуан. Алайда өздеріне қарсы қадам басылған отырысқа ынта танытып келген кәсіпкерлерді табу қиын болды.

Надежда Лосинская, жеке кәсіпкер:
Былтыр айналымдағы ақшаға тимеу үшін құрылысқа несие алдым. Үлкен демеу болды. Бүгінгі жиында да көптеген жаңа мағлұмат алдым. Үйге барып қорытып жүрекке қонымдысын таңдап, көруге болады.

Павел Леонов, “Леонов” ШҚ бас директоры:
Біз мемлекеттің қолдауын әрдайым сезінеміз. Жыл сайын жер өңдеуге, жанармай, тығайтқыштар, техника алуға субсидия бөлінеді. Биыл шаруаларға жасалатын көмек тіпті ұлғайтылды. Тек ерінбей еңбек ету керек.

Ашық есік күні Тайынша ауданында жалғасты.

Жеңіс Ермұқанов