Денсаулық сақтау

Алматылық кардиологтар Петропавлда ота жасауда

Науқастың жүрек тамырлары тарылғандықтан, инфаркт болыпты. Түрлі дәрілердің де септігі тимеген. Сондықтан ота жасау қажеттігі туды. Операцияны Алматы қалалық кардиологиялық орталығының маманы өткізуде. Науқасқа арнайы скаффолд қойылмақ.

Оразбек Сахов, Алматы қалалық кардиологиялық орталығының бөлім меңгерушісі:
– Скаффолд дегеніміз – жіңішке пружина тәрізді құрал. Соны тарылып тұрған жерге жеткізіп, арнайы баллонның көмегімен кеңейтеміз. Сонымен тамырдың өтімділігі қалпына келеді.

Бұған дейін орталықта стент қою операциялары жүргізілген. Алайда ол металлдан жасалынған. Сондықтан ағзада өмір бойына қалады. Ал скаффолд болса, жарты жылдан соң ағзада еріп кетеді. Яғни денеде бөтен зат қалмайды. Отаның тағы бір ерекшелігі – наркозсыз өткізілуінде. Жергілікті жансыздандырумен орындалған операциядан соң келесі күні науқас үйіне шыға алады. Бір стенттың құны – 1 млн 200 мың теңге.

Мақсат Құдратуллаев, облыстық кардиологиялық орталықтың бөлімше меңгерушісі:
-Осы жылдан бастап өзіміздің науқастарға осындай стенттар сатып аламыз. Олар тегін қойылатын болады. Бірақ олардың бір кемшілігі – әрбір науқасқа қоя алмайтындығымызда. Егер науқастың ағзасына келсе, ота жасайтын боламыз.

Жалпы елімізде осындай 32 мың операция жасалуы тиіс екен. Дегенмен бұл санды дөп басып айту қиын дейді мамандар. Өйткені сырқаттың кенеттен пайда болуы мүмкін. Мәселен, Абай Оспановтың бұған дейін жүрегі сыр бермепті. 7 ақпан күні инфаркт диагнозымен ауруханаға түскен.

Абай Оспанов:
– Біздің өңірімізде жаңа технологиялардың қолданылып жатқандығы қуантады. Соның арқасында ота сәтті өтеді деген сенімдемін.

Алматылық маманның көмегімен бұл күні 2 ота жасалынды. Енді дәл осындай операцияларды жергілікті дәрігерлер өткізбек.
Инеш Шоқақова