Спорт

Жүзгіштер сайысы

Жарыс алаңына алдымен 11-12 жастағы қыз балалар шықты. 100 метрлік қашықтықты әр спортшы кешенді жүзу техникасымен өтуі керек. Ал ересектері 200 метрді еркін жүзу техникасымен бағындырулары тиіс.

Дана Досмырза, Ақтөбе қаласы:
– Мен Ақтөбе қаласынан келдім. Жүзу спорттың ішіндегі ең жақсысы. Сумен жұмыс жасаған соң, қиынырақ. Маған сонысы ұнайды.
Александра Сергеева, Қарағанды қаласы:
– Жарыс өте тартысты өтуде. Бассейн де жақсы екен. Суда жүзу денсаулыққа пайдалы. Отбасымда барлығы осы спортқа әуес.

Бұл сайыс – суда жүзуден ашық біріншіліктің алғашқы кезеңі. Дүбірлі доданың екінші кезеңі сәуір айында Астанада өткізілмек. “Көңілді дельфин” ашық біріншілігінде мүмкіндіктерін сынауға барлық өңірдің спортшылары ниет танытыпты. Қатысушы құрамалардың жалпы саны – 25. Сондай-ақ жарыс жолына шыққандардың қатарында Ресейдің Омбы және Пенза қалаларының спортшыларын да көруге болады. Олар командалық және жекелей сындар бойынша бақ сынайды.

Теміртас Әлжанов, су спорты түрлерінен «Дельфин» олимпиада резервіне мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
– Бұл жарыс үш күн өтеді. Жарысқа біздің екі командамыз қатысып отыр. 2000-2001 жылы туған балалардың ішіндегі ең мықтылары Қазақстан құрама командасына кіреді. Біздің балалар да сондай жетістіктерге жетеді деп ойлаймыз.

Аталмыш жарысқа қатысушылардың саны жыл өткен сайын артып келеді дейді ұйымдастырушылар. Сайыстың қорытындысы наурыздың 14-і күні белгілі болады.

Әспет Әбдірешова