Білім

«Тіл – барлық білімнің кілті»

Тіл білгірлерінің сайысына оқу қазақ тіліндегі мектептер мен колледждер оқушыларынан 14 -20 жас аралығындағы үміткерлер қатысты. Байқау шарты бойынша алдымен оқушылар 30 сұрақтан тұратын лексика-грамматикалық тест тапсырмаларын орындаулары керек.

Алтынай Сыздықова, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы
– Екінші номинация ауызша және жазбаша бөлімдерден тұрады. Жазбаша бөлімде эссе жазу керек біздің үміткерлеріміз. Және де диалог құрулары тиіс. Үшінші тапсырма кез-келген жанрдағы мәтінді мәнерлеп оқып беру.

Орыс тілі күнделікті қолданыста қарапайым болып көрінгенмен, шын мәнінде өте күрделі. Қай тілді болмасын жетік меңгеру үшін көп оқып, іздену керек. Осы тұрғыда жастардың тіл сауаттылығы мен мәдениеттелігін арттыру мақсатында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жыл сайын осы конкурсты өткізіп тұрады.

Мөлдір Ескендірова, СҚ медицина колледжінің студенті:
– Мен бүгінгі конкурсқа медицина колледжі атынан қатысып отырмын. Владимир Шестериков – солтүстікқазақстандық ақын, соның өлеңін жаттап келдім. Дайындалғаныма аз ғана уақыт болды, бірақ жақсы болады деп санаймын.
Гүлназ Шаяхмет, Қожаберген жырау атындағы №6 қазақ орта мектеп оқушысы:
– Орыс тілін дамытуға және шыңдауға арналған сайыстар көбірек болу керек. Себебі қазақ мектептерінде оқитын кейбір балаларға орыс тілін оқу қиын болып келеді. Осындай сайыстар балалардың білімге деген құштарлығын арттырады.

Сайысқа барлығы 8 оқушы қатысты. Осы топтан суырылып шыққандар сәуір айында өтетін «Тіл-барлық білімнің кілті» байқауының облыстық кезеңіне жолдама алады.

Әспет Әбдірешова