ТЖ

Боранды күндері 1 адам қаза тапты

Есіл аудандық ішкі істер бөлімінің мамандары наурыздың тоғызы күндізгі сағат үш шамасында Алабие ауылына 1 шақырым жетпей құлаған 60 жастағы әйелдің мәйітін тапқан. Ол Тамамбай ауылынан наурыздың бесі, кешкі алтыларда жаяу жолға шыққан. Алдын ала болжам бойынша әйел адам үсіп өлгенге ұқсайды. Ал Уәлиханов ауданының тәртіп сақшылары ерлі-зайыпты Белгібаевтарды әлі іздестіру үстінде. Естеріңізге сала кетейік, олар ақпанның 25-і күні Павлодарға бармақ болып үйлерінен жаяу жолға шыққан. Содан бері еш хабар жоқ. Теріскей қысының беті әлі де қайтар емес. Боран әлі де болуы ықтимал. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары осылай деп дабыл қағуда. Наурыздың сегізіне қараған түні қатты боран тұрғандықтан, өңірімізде барлық бағыттағы күре жолдар жабылды. Себебі қол созым жер көрінбейтін ақтүтек соқты.

Евгений Обухов, СҚО ТЖД бөлім бастығы:
-Бұл күні қар құрсауында қалғандардан 112 номеріне 51 хабарлама түсті. 140 техника мен 311 адамды оппа қардан алып шықтық. Боранның қаттылығы сондай, қазір салған із қазір жабылып қалып жатты. Түк көрінбейді. Тіпті К-700 тракторларының өзі жолдан шығып қарға батты. Қар құрсауында қалған жолаушыларды жақын маңдағы ауылдарға атпен тасымалдадық.

Жол қадірін жүрген білер деген нақыл бар. Солардың бірі – Владимир Полянский. Оның жүк тасымалымен айналысқанына 36 жыл. Осы жолғы боранда ол үш күн қалада жатыпты.

Владимир Полянский, көлік жүргізушісі:
-Жол полициясы инспекторлары мұндай күндері жолды жауып сыртқа көлік шығармайды. Ол қауіпсіздік шарасы үшін қажет. Айдалада қалсаң үсіп кетуің де ғажап емес.

Боран басылып, қазіргі күні күре жолдар тазалану үстінде. Дегенмен барлық жер айнадай болды деп айту қиын. Оны жүргізушілер де жоққа шығармайды.

-Жолдар қардан аршылып жатыр. Бірақ үлгере алмауда. Оған кінә арта алмайсың.
-Жолдар ашық қазір. Тазалап жатыр. Шалғай ауылдар болмаса.

Табиғаттың тосын мінезін түбегейлі болжау мүмкін емес. Оны өзгерту де адамзат баласының қолынан келмейді. Сондықтан кез-келген жағдайға сақадай сай болуымыз керек.

Евгений Обухов, СҚО ТЖД бөлім бастығы:
-Су тасқыны болады деп болжанып отыр. Оның алдын алу үшін барлық жұмыстар жасалуда. Техника әзір. Қаржы бөлінді. Қажетті су соратын насостар мен помпалар алынып жатыр. Аудандардың жағдайлары да басты назарымызда.

Биылғы қар жылдағы нормадан үш есеге артық. Ол су тасқыны айналып өтпейді деген сөз. Бұл ретте әр адам өзінше қам-қарекет қылу керек. Сонда ғана мал-мүлкіңді аман сақтап қала аласың дейді төтенше жағдайлар мамандары.

Самат Есмағи