Бизнес және экономика

Үйлестіру кеңесінде кәсіпкерлердің жаңа жобалары қаралды

Ең алдымен кеңес отырысында Ғ.Мүсірепов ауданындағы «ТЕХГРУПП» ЖШС өтініші қарастырылды. Кәсіпорын автокөлікке техникалық қызмет көрсететін арнайы желі сатып алмақ. Жобаны жүзеге асыру арқасында жаңа 5 жұмыс орны пайда болады.

Игорь Адам, «Темір банк» АҚ СҚОФ бөлімнің бастығы:
– Жобаның жалпы құны – 35 млн теңге. 5 жыл мерзіміне несие беру құпталды. Жылдық үстемақысы – 14 пайыз. Жобаны қолдауды сұраймыз.

Ал «Талшық Астық LTD» ЖШС элеваторды модернизациялауға 980 млн теңге көлеміндегі несие алыпты. Енді бизнесті қолдау бағдарламасы бойынша оның пайыздық үстемақысын субсидиялауды сұрап отыр. Өйткені бұл Ақжар ауданы үшін әлеуметтік маңызға ие үлкен жоба.

Жұмаәлі Нұрманов, «Талшық Астық LTD» ЖШС бас директоры, Ақжар ауданы:
– Біз ескі құрылғыларды жаңарттық. Сондай-ақ қосымша 20 жұмыс орны ашылды. Жалақыны біршама арттырдық.

3 жылда мемлекет кәсіпкер үшін 140 млн теңге қаражат өтемек. Кәсіпкер болса, банкке тек 7 пайыз үстемақыны төлейді. Бұдан басқа отырысты нан-тоқаш өнімдерінің өндірісін арттыру мен автокөлікке қызмет көрсетуге бағытталған жобалар қарастырылды. Өңірлік үйлестіру кеңесі жобаларды қолдап отыр. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне сервистік қолдау көрсету мәселесі талқыланды.

Қайрат Бекенов, СҚО әкімінің орынбасары, өңірлік үйлестіру кеңесінің төрағасы:
– Біздің өңірімізге республикалық бюджеттен 37 млн теңге көлеміндегі квота бөлініп отыр. Оны игеру қажет. Бұл жұмысқа барша кәсіпкерлерді жұмылдыру қажет.

Мәселені әлі де жан-жақты қарастыру қажет деп шешілді.

Инеш Шоқақова