Билік

Өңір басшысының Тайынша ауданына жұмыс сапары

Ең алдымен өңір жетекшісі Тайынша аудандық орталық ауруханасының жұмысымен танысты. Облыста бірінші болып 190 орынға шақталған емдеу мекемесіне қарасты 48 мың ауылдық электрондық базаға тіркеліпті. Сондықтан қағаз машақаты түбегейлі шешіліп, қаптаған науқас кезегі мүлдем жоқ бұл жерде. Маман тапшылығы да сезілмейді. Штаттық құрам толық. Барлық емшар бөлімшесі толықтай жұмыс үстінде. Жылына орта есеппен 700-ге тарта сәби туады екен. Ана мен бала өлімі тіркелмепті.
Аудан орталығында салынып жатқан 50 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй де облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Құрылыс қарқыны жаман емес. Жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін баспана қонысталмақ.
Самат Ескендіров “Көкше-техстрой” серіктестігінің 20-400 мм. дейінгі полиэтилен құбырларын шығаратын цехының жұмысымен танысты. Өндіріс ошағы жыл басынан 50 млн теңгенің 235 тонна құбырын құрастырыпты.
Кейін облыс әкім аудан активімен кездесті. Жиында тайыншалықтардың макроэкономикалық көрсетткіштері сараланды.

Иван Турков, Тайынша ауданының әкімі:
– Өндіріс ошақтары былтыр 6 млрд. 542 млн теңгенің өнімін шығарды. Бұл ретте шағын және орта бизнестің үлесі екі есеге артты. Шағын кәсіп иелерімен 1 млрд. теңгеден артық тауар саудаланды. Негізгі капиталға инвестиция тарту 13,8 пайызға өсті.

Ауданға былтыр “Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы аясында 200 млн теңге бөлінген. Оның тек 92 пайызы игеріліпті. Өңір жетекшісін жоба аясында ауылдықтардың тың ойларын жүзеге асыруға мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беру жағы қызықтырды.

Юлия Салунина, Тайынша аудандық тұрғындарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бөлімінің бастығы:
– Өткен жылы 26 несие рәсімделді. Орта есеппен әрбіріне 2 млн. 200 мың теңгенің қаржылық қолдауы көрсетілді. 24-і мал шаруашылығын дамытуға қатысты. Қалған екеуі техникалық бақылау станциясын ашуға ниет танытты. Осының арқасында жаңадан 18 жұмыс орны ашылды.

Жалпы 2012 жылы жұмыссыз отырған 2 мыңнан артық тайыншалық екі қолға бір күрек тауыпты. Оның 1,5 жуығы тұрақты табыс көзімен қамтылды.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
– Жұмыспен қамту мәселесін шешу қашанда алдыңғы қатардағы басымдылық болу керек. Биыл біз аудандардың даму деңгейін бірінші кезекте осы көрсеткішке қарап бағалайтын боламыз. Президент әкімшілігі бұған үлкен мән беріп отыр. Өйткені жұмыспен қамту жағы дұрыс жолға қойылса ауылдықтардың экономикалық әлеуеті өсіп, тұрмысының жақсаруына үлкен сеп болады.

Жалпы Тайынша ауданының былтырғы даму деңгейі облыс бойынша 4-ші орында. Тұрғындардың 80 пайызы тіршілік көзін орталықтандырылған су желісінен пайдаланады. Алайда өзге аудандармен салыстырғанда тым аз көрсеткіш. Өткен жылы мектепке дейінгі тәрбиемен қамту жағы сын көтермепті. Биыл аудан олқылықтың орнын толтырып, балабақшаға деген сұраныс 100 пайызға орындалған.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:
– Тайынша ауданының қарқынды дамуына мүмкіндіктер баршылық. Жалпы өңір бойынша Ғ.Мүсірепов, Тайынша, Айыртау және М. Жұмабаев аудандары көш басында келеді. Экономикалық өсім осы 4 ауданда да байқалады, одан әрі дамытуға әбден болады. Әсіресе ауылдықтардың жалақысына аса мән бөлген жөн. Бұл маңызды шаруаны ұдайы назарға алып, бақылап отыру керек. Аудан әкімі мен орынбасарларына, құрылымдарға барлық бағыттар бойынша 2013 жылдың жоспарын құруды тапсырамын.

Актив отырысын қорыта келе Самат Ескендіров көктемгі егіс науқанына дайындықты қыздыра түсу керектігін тілге тиек етті.

Жеңіс Ермұқанов