Қоғам

Ер-азаматтар әйел әріптестерін құрметтейді

Әйел заты қандай мамандық иесі болмасын, әрдайым көркем де сұлу нәзік жан болып қала бермек. Сондықтан өздеріне деген ерекше ықылас пен талай гүлшоғына лайық. Олар отбасының ғана емес, барша қоғамдағы бірлік пен берекенің ұйытқысы. Тағы бір нәзікжандыларға тән қасиет – әрбір істі зор ықыласпен орындау. Сегіз сері атындағы қазақ ұлттық-аспаптар оркестрінің құрамында 40 – тан астам музыкант болса, дені – нәзікжандылар.

Қайырлы Ғафуров, Сегіз сері атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі:
– Әйел заты әрқашанда әдемі ғой. Жауқазындай жайнап жүреді. Оркестрімізге нәр беретін де, сән беретін осы нәзікжандылар. Қобыз бөлігі тек қана қыздардан құралған. Домбырашылардың арасында да қыз-келіншектер бар. Ерлермен қатар өнер көрсетеді. Ұжымымызда әдемі қыздардың істеп жатқанына өз басым қуаныштымын.

Оркестрдің көркемдік жетекшісі Қайырлы Ғафуров әйел заты әрдайым әуеннің сәтті шығуының себепкері болады дейді.
Нәзікжандылар әрдайым әдемі, көрікті, сұлу. Сондықтан жиі сахнадан көрініп, өнер саласын таңдаулары бекер емес. Өңірімізде Күләш Бәйсейітова, Әмина Өмірзақова сынды өнер майталмандарының жолын жалғап жүрген жас дарындар да бар. Олар түрлі бейнелерді зор шеберлікпен орындауда.

Нартай Сауданбекұлы, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері, ҚР Мәдениет қайраткері:
– Ұлы өнер адамдары міндетті түрде музасын әйел деп елестетеді. Әйел, ана үлкен, ұлы туындылардың дүниеге келуіне себепкер. Батыр да, пайғамбар да анадан туған дейді. Сондықтан әйел затының барша әлем үшін орны ерекше.

Әйелдер тек өнерде ғана белсенді емес. Қазан төңкерісіне дейін банк жүйесінде тек ер адамдар жұмыс істеген екен. Ал Кеңес үкіметі кезінде бұл сала нәзікжандыларға сеніп тапсырылыпты. Яғни, әйел адамдар ешбір жұмыста ерлерден қалыс қалмайтындықтарын дәлелдеген.

Жомарт Қажырақымов, ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалының директоры:
– Банк жүйесінде 4-ші онжылдық жұмыс істеп келе жатырмын.Әрдайым әріптестерім негізінен нәзікжандылар болды. Олар жұмыста өте ұқыпты. Бірге қызмет ету оңай.

Шуақты көктем мерекесінде барша ыстық лебіздер әйелдерге арналады.

– Барша әйелдер қауымын мерекелерімен құттықтаймын. Денсаулық және бақыт тілеймін.
– Нәзікжандылардың жүздерінен күлкі кетпесін деп тілеймін.

Инеш Шоқақова