Қоғам

Ауылдың ауыр жүгін арқалаған ару

Қызылжар ауданындағы Вагулино селолық округіне 4 ауыл қарайды. Бүгінде осы бүтіндей бір ауыл-аймақты басқару Людмила Тереховадай нәзік жанның еншісіне бұйырған. Көбіне апталдай ер-азаматтарға жүктелетін жауапты қызметті ол үш жыл бойы атқарып келеді. Людмила Терехова ауылдың тыныс-тіршілігі мен әлеуметтік-экономикалық өміріне белсене араласады.

Людмила Терехова, Вагулино селолық округінің әкімі:
– Мен үшін жұмысым өте қызықты. Себебі үнемі адамдармен тығыз қарым-қатынаста боласың. Осы жердің тумасы болғаннан кейін, мұндағы әр мәселе маған жақсы таныс. Оларды дер кезінде шешуге тырысамыз. Әр істің қиындығы болады, сондықтан ешқандай шағымым жоқ.

Людмила Терехова Вагулино селолық округіне қарасты Кустовой ауылында туған. Мамандығы педагог ол 20 жылға жуық мектепте мұғалім болып істеген. Өзі туған елдің әкімі болып отырған нәзік жан округтің гүлденуі үшін барын салып жүрген жандардың бірі. Жақында Вагулино ауылында балалардың ойын алаңы ашылған. Мұндай алаңды осы округке қарасты Красноярка ауылында да ашу жоспарланып отыр дейді әкім. Ал жергілікті клуб осыған дейін 30 жыл бойы қаңырап бос тұрған. Қазір мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның қолданысқа берілуін әрбір ауыл тұрғыны асыға күтіп жүр.

Татьяна Гунгер, Вагулино селолық клубының меңгерушісі:
– Мамыр айынан клубтың қасбетін жөндеу басталса, қыркүйекте ашуды жоспарлап отырмыз. Барлық ауыл жұртшылығы сыятындай етіп, үлкен қылып салып жатырмыз.

Бұл жұмыстардан бөлек Вагулинода қазір «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша үш үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Осы сынды ауылдың көркейіп, дамуы үшін жасалатын істердің бәрін Людмила Терехова үнемі бақылауда ұстайды. Ал үйге келгенде ол қарапайым әйел затына тән жұмысын жасап, аяулы жұбайы мен құрбы-құрдастарына көңіл бөлуге уақыт табады. Оның осы көпшіл мінезін замандастары, отбасы өте жоғары бағалайды.

Гүлнар Елубаева, Вагулино орта мектебінің директоры:
– Мен Людмила Анатольевнамен он бес жылдан бері таныспын. Ол осы ауылға көшіп келгенімде мені мектеп ұжымына қуана қарсы алып, көмек қолын созғандардың бірі. Үнемі ақыл-кеңесін беріп, қолдау көрсетіп отырады. Қолы кең, дастарханы үнемі дәмді тағамдарға толы.

Аяулы жар, жақсы құрбы, сенімді дос – Людмила Терехованың өмірлік ұстанымы әрқашанда өз ісіне жауапкершілікпен қарап, алда болу. Осы қасиеттер нәзік жанды үнемі алға жетелеп, биіктерге бастап келеді.

Әспет Әбдірешова