Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аналар мерекесіне арналған салтанатты жиын

Н. Погодин атындағы орыс драма театрының табалдырығын аттаған әр нәзік жандыға әскери институт курсанттары қызғалдақ гүлін сыйлап жатыр. Бұл ал-қызыл өсімдік жаңа өмірдің, махаббат пен әсемдіктің нышаны. Ал өнер ошағының үлкен залында облыс әкімі Самат Ескендіров  жиналғандарды келе жатқан халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.  Нәзіктік пен жігер, мейірімділік пен ақыл әйел азаматының бойына дарыған ерекше қасиеттердің бір бөлігі ғана. Үй шаруашылығының 3/2-н ошақ басындағы нәзік жандылар атқарады. Ең бастысы ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесі бір қолымен бесікті бір қолымен әлемді тербететін ананың аяулы алақанынан өтеді. Салтанатты жиында 4 бірдей көпбалалы анаға күміс алқа тағылды. Олардың бірі 6 баланы дүниеге әкелген Жаңыл Қалиева.Еліміз гендерлік саясат заңын қабылдаған тұңғыш мемлекет екенін мақтанышпен айтамыз. Жан-жақты қыз- келіншектердің қолынан келмейтіні жоқ. Өңірімізде жанұя ұйытқысы, үйдің көркі болумен қатар заман талабына сай саясат пен бизнеске білек сыбана кіріскендердің үлесі басым екен. Облыстық мәслихатта нәзік жанды халық қалаулыларының үлесі 24 пайызға жетіпті. Ал ұлағатты ұстаздар қауымының 90 пайызын ханымдар құрап отыр. Әр саланың үздіктері өңір жетекшісінің қолынан құрмет грамотасы мен алғыс хат алды. Бүгінде республикадағы шағын және орта бизнестің 40 пайызын іскер әйелдер басқарады. Облысымызда өз кәсібінің тізгінін ұстап жүрген азаматшалар да жоқ емес. Тіпті оңай емес ауыл шаруашылығы әлеуетін дамытуға да етене араласып жүр. Марина Ділдабаева 2009 жылдан бері жер өңдеумен айналысады. Былтырғы қуаңшылықта шаруа қожалығы гектарынан 18 центнерден ырыс дәнін алды. Салтанатты жиыннан соң ақ жаулықты әжелер, мейірімді аналар мен қыз-келіншектердің назарына мерекелік концерт ұсынылды.

Жеңіс  Ермұқанов