Мәдениет

Аналар мерекесіне – ән-жырдан сыйлық

Бүгінгі концерт – петропавлдық нәзік жандарға арналды. Әрбірінде ерекше қасиеті, өзіне тән сұлулығы бар. Олардың ішінде іскер әйелдер, халық қалаулылары, ұзтаздар, қарулы күштер қатарында жүргендер де бар. Қоғамдық өмірге белсенді араласқанымен, олар ең алдымен отбасының ұйытқысы, мейір-шапағат көзі, балалары үшін асыл да ардақты ана. Әрине, ақ жаулықтылардың өмірімізде алатын орны ерекше. Мұны Елбасымыз да ешуақытта ұмытқан емес. Сондықтан жаңа жолдауында да ана мен бала денсаулығына үлкен мән берген. Жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялаған әйел – өмірдің мәні, тіршіліктің сәні болып қала бермек әрқашан. Ошақ иесі – отағасының ақылшысы, балалардың тәрбиешісі. Сондықтан бүгінгі кеште алдыңғы қатарға көпбалалы азаматшалар жайғастырылыпты. Ольга Васильева 8 баланы дүниеге әкелген. Үлкені 16 жаста болса, кенжесі әлі 2 жасқа толмаған. 7 бала сүйгеннен кейін ана «Алтын алқамен» марапатталыпты.

Ольга Васильева, көпбалалы ана, “Алтын алқа” иегері:
-Бізге мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Материалдық көмекпен қатар көпбалалы жанұяларға құрмет көрсетуі қуантады. Бұған әрине, Елбасының сындарлы саясаты септесіп отыр.

Балаларды тәрбиелеуге, өмірге бейімделуіне үйретуден жалықпайтын ұстаздарға деген құрмет те ерекше. Бүгінде осындай игі мамандықты таңдағандардың 90 пайыздан астамы нәзік жандылар. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры өмірінің 30 жылын білім саласына арнапты. Қажырлы еңбегі жоғары бағаланып, бірқатар марапатқа ие болған. Гендерлік саясаттың арқасында осындай жетістіктерге қол жеткіздім дейді жерлесіміз.

Мүкарам Тайжанова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры:
-Елімізде гендерлік саясат жақсы өткізілуде. Президенттің жанында отбасы және әйелдерге арналған комитет. Облыстық әкімдіктерде де бар ондай комитеттер. Талай проблемалар шешіліп жатыр. Балаға тәрбие беру ол бүкіл ойыңды, бүкіл махаббатыңды баланы тәрбиелеуге, балаға білім беруге жұмсау керек.

Нәзік жандылардың қоғамда маңызды орын алатынын ер адамдар да мойындап отыр. Сондықтан бүгін олар солтүстікқазақстандық азаматшаларға жақсы көңіл-күй сыйлауға тырысып жатыр.

Тимур Айтқожин, «АРТ-Думан KZ» тобының көркемдік жетекшісі:
-Халықаралық қыз-әйелдер мерекесімен барша аналарымызды, әжелерімізді, қыздарымызды, қарындастарымызды шын жүректен құттықтаймыз. Көктемнің осындай алғашқы мерекесі құтты болсын! Әрдайым ортамызда құлпырып жүре беріңіздер!

Бүгінгі әсем әндер де, жылы лебіздер де барша бұрымдылардың құрметіне арналды.

Айдана Демесінов