Спорт

Наталья Рогозина футболшыларды жаттықтырады

 

Жаттықтырушы Наталья Рогозинанының кеңесі мен ескертулерін жетім балаларға арналған интернаттың тәрбиеленушілері бірден ұғып алады. Бір кездері ол да осы жерде тәлім-тәрбие алған екен. Кішкене күнінен ұлдармен бірге доп ойнап өскен Наталья футбол тек ер адамдарға тән спорт деген ұғыммен келіспейді. Қайсар мінезді қажырлы жан өз мүмкіндігін баскетбол, тіпті хоккей спортында да сынап көрген. Ол бірнеше жыл Қазақстан құрамасының сапында да шеберлігін шыңдаған. Алайда Наталья үшін ең жақсы жетістіктерінің бірі оның қыздар арасындағы футболдан жаттықтырушы атануы. Ол мұндай нәтижеге 2005 жылы қол жеткізіпті. Наталья қыздарды жаттықтырудың еш қиындығы жоқ дейді. Себебі олар әр іске тиянақты қарап, үлкен жауапкершілік танытады.

Наталья Рогозина, облыстық жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттың қыздар арасындағы футболдан жаттықтырушысы:
-Меніңше футболмен айналысу керек. Әрине ер балалар қыздарға қарағанда 2 есе жылдам қимылдайды. Дегенмен бұл спорт қыздар үшін де қажет деп санаймын.

Қазір Наталья Рогозинаның қоржынында 10 шақты медалі бар. Мұндай жетістіктерге ол шәкірттерімен  бірге жеткен. Осыдан екі жыл бұрын аяқ доп шеберлері республикада оқушылар арасында өткен турнирде бірінші орынды қанжығаласа, былтыр қола жүлдені қанағат тұтқан.

Александра Вивсяник, қыздар арасындағы футболдан бірінші разрядтағы ойыншы:
-Ол мен үшін туған анамдай, маған үнемі ақыл-кеңесін беріп отырады. Біздің қолымыздан келмесе, не істеу керектігін үйретеді, алдымызға зор мақсаттар қояды.

Виктория Рогачева, қыздар арасындағы футболдан бірінші разрядтағы ойыншы:
-Басында мен футбол ойнағым келмейтін. Бірақ Наталья Владимировна мені осы спортқа шақырды. Ал қазір тіпті онсыз өзімді елестете алмаймын. Мені қақпашы қылып қойған себебі бойым ұзын әрі бұл қолымнан келеді.

Футбол қаншалықты ер адамдарға тән спорт болғанмен Наталья Рогозина мен оның шәкірттері  бұл істе қыздардың да алар асулары бар дейді.

Әспет Әбдірешова