Мәдениет

«ХХІ ғасыр Мадоннасы» фотокөрмесі

 

Бұл күні көрме залы мейірімділік пен махаббатқа толы. Өйткені тақырып – ана мен бала және отбасы құндылықтары. 70-тен астам суреттің әрқайсысы өз алдына ерекше. Фотолардың жасалған уақыты да әртүрлі. Мына суретті Виктор Пошивалкин осыдан 35 жыл бұрын түсіріпті. Басты кейіпкерлер – сүйікті жары Тамара мен тұңғыш қыздары Татьяна.

Виктор Пошивалкин:
– Мен бұрын қолымнан әрдайым фотоаппаратты тастамайтынмын. Сондықтан түрлі суреттер түсірдім. Ешқайсысын алдын ала ойластырған емеспін. Бірақ әйелдердің суреттері ерекше сәтті шығатынына күмән келтірмеймін.

Көрмеге Ресей, Италия, Польша елдері авторларының жұмыстары да қойылған. Байқауға суреттерді іріктеуде авторлық идеяның айқын болуына баса назар аудардық дейді ұйымдастырушылар.

Валентина Корнева, «Коперник» поляк мәдени орталығы төрағасының орынбасары:
– Фотоларда ана мен бала немесе әжелері мен немерелері суреттелген.
Өйткені әже атану үшін алдымен ана болу қажет. Біз көрме арқылы ана болу қиын, бірақ та зор бақыт екенін жеткізгіміз келді. Бұл қолымыздан келді деп ойлаймын.

Бала үшін ана алақанының жылуын сезіну маңызды. Көрмеге қойылған суреттерден сол бір жылулық лебі есетін тәрізді.

Инеш Шоқақова