Ауыл шаруашылығы

Диқандар көктемгі егіске әзірленуде

Биылғы жылы теріскей диқандары 4 миллион 300 мың гектар жерге дәнді дақыл сеппек. Одан қайткен күнде мол өнім алуға болады, қандай технологияларды қолдану қажет. Осы мәселелер облыстық агрокеңес отырысы барысында жан-жақты талқыланды. Көктемгі дала жұмыстарына дер кезінде кірісуге мүмкіндік бар. Машина-трактор паркінің әзірлігі 80 пайызға жуық.

Димаш Таласбаев, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
-2013 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін облыс агроқұрылымдарында 5500 егін себетін агрегаттар, 1012 жоғары өнімді себу кешендері және тағы басқа топырақ өңдейтін техникалар бар. Олардың дайындығы 75 пайызды құрайды. Биылғы жылы 1,2 миллиард теңгеге 138 жаңа заманауи техника, соның ішінде қосымша 5 жоғары өнімді егістік кешендері сатылып алынды. Жана-жағар май қажеттілігі 70 мың тоннаны құрайды, шаруалар қазіргі күні оның 18 мың тоннадан астамын алды.

Жиын барысында түрлі зиянкестер және арамшөппен күрес мәселесіне де баса назар аударылды. Егіс алқаптарын осылардан таза ұстаған тұста ғана астық шығымдылығы артады. Ол үшін жер өңдеу технологиясы қатаң сақталуы қажет. Бірақ кейбір агроқұрылымдар оған аса мән бермейтін көрінеді. Солардың бірі – “Богви” серіктестігі.

Айдарбек Сапаров, облыс әкімінің бірінші орынбасаы:
-Теріскейдің биылғы қысы қарлы. Ылғал өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге жоғары. Ол мол өнімнің кепілі. Тек ылғал сақтау технологиясын ұтымды пайдалану қажет дейді мамандар. Сонда еңбегің еш кетпейді.

Белгібай Қанафин, “Солтүстік Қазақстан тәжірибелік станциясы” ЖШС директоры:
-Біз өзіміз өндіріп жатқан жоғары репродукциялық тұқымдардың сорттарын өзгерттік. Қазір отандық сорттардың үлесі көбейді, шетелдік сорттарға қарағанда.Ылғал сақтау технологиясын қолданған тұста, жалпы егістік алқаптарда 3-5 центдерден жоғары өнім алуға мүмкіндік береді.

Агрокеңес отырысының көздегені егіншілікті жаңа деңгейге көтеру тұрғысында ғылыммен дәлелденген деректерге сүйендіру жер емген шаруаны. Мамандар заманауи технологияларды қолдану – мол өнімнің кепілі дейді. Келісіп пішкен тон келте болмасы анық.

Самат Есмағи