Қайырымдылық

Облыстық саңырау балаларға арналған мектеп-интернатта жаңа спорт алаңы ашылды

Мына балалардың қуанышында шек жоқ. Осыдан бір ай бұрын оқу ордасының педагогтары “Аяла” қайырымдылық қорына жаңа спорттық алаң салуға көмектесулерін сұраған болатын. Сөйтіп, 2 аптаның ішінде балаларға жаңа спорттық алаң тұрғызылды.

– Салынған жаңа алаң бізге қатты ұнады. Балалармен осында күнде ойнаймыз.
– “Аяла” қайырымдылық қорына осындай жаңа спорттық алаңды салуға көмек көрсеткені үшін алғысымды айтамын.

Мұнда екі әткеншек, спорттық кешен, үстел теннисі бар. Балалар дене шынықтыру сабағында немесе бос уақыттарын осында өткізе алады. Жаңа спорт алаңын салу үшін 1,5 млн теңгеден астам қаражат жұмсалыпты.

Ирина Любых, СҚО саңырау балаларға арналған мектеп-интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
– Спортта жеткен жеңістіктеріміз аз емес. Мәселен 2012 жылы біздің футбол құрамамыз Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанды. «Аяла» қоры сыйлаған спорт алаңы балалардың шыңдалуына септеспек.

Бүгінде мектепте 151 бала оқып білім алады.

Гүлбану Ахметова