Мәдениет

«Есіл жұлдыздары» байқауы

 


Нұргүл Кашмулдина байқауға «Жас дәуірдің түлегіміз» атты әнді дайындап әкелген. Өйткені бұл шығарма арқылы 7 жасар қыз «Атадан мұра» атты Шалқар радиосының фестивалінде ақтық сынға жолдама алыпты. Бүгінгі қалалық сайыста да биік тұғырдан көрінетініне үлкен үміт артып отыр.

Нұргүл Кашмулдина, №7 орта мектеп оқушысы:
Маған бұл өлең ұнайды. Жеңіске жетемін деген ойдамын. Көп дайындалдым.

Ал Ерасыл Алпысбай қарсыластарының өнерін тамашалап, өзінің сахнаға шығу кезегін тағатсыздана күтуде. 6-сынып оқушысы мұндай байқауға алғаш рет қатысып тұрған жоқ. Өткен жылы бағын сынап еді. Алайда жүлделі орыннан көріне алмады.

Ерасыл Алпысбай, №20 орта мектеп оқушысы:
Мында балалар әнді жақсы айтады. Мен де жақсы дайындалдым. Бірінші орын аламын деп үміттенемін.

Жарыс жеңімпазын анықтағанда сайыскерлердің әнді шырқау шеберлігіне, әртістік қабілетіне, киіміне және өзін сахнада ұстау мәнеріне баса назар аударылмақ. Дәстүрлі байқау биыл 55 оқушының басын қосыпты. Үздік әншілер екі номинация және 3 жас ерекшелігі бойынша анықталмақ.

Жанар Есқақова, Петропавл қалалық білім бөлімінің әдіскері:
12 оқушы жүлделі орынға ие болады. Барлық қатысушылар сертификатпен марапатталады. Мұндай шараларды ұйымдастырудағы мақсатымыз дарынды жастарды іріктеу, шеберліктерін шыңдауға жәрдемдесу.

Жеңімпаздар облыстық байқауға жолдама алады. Өңір деңгейіндегі сын наурыздың 16-17 өтеді деп көзделуде.

Айдана Демесінова