Спорт

Футболшылар жарысы

Қорытынды кезеңнің алғашқы жолдамасының тағдырын СҚО мен Астана қаласының құрамалары шешті. Алаң иелері былтырғы ел спартакиадасының чемпионы. Әзірге өз легінде жеңіліссіз топ бастап келеді. Елордалықтар іріктеу ойындарында жергілікті аяқ доп шеберлерінен 2 ұпай кем жинаған. Сондықтан қонақтарға тек жеңу керек. Жерлестерімізге тең көрсеткіш жеткілікті болғанымен қарсылас қақпасын әр қапталдан торуылға алды. Өткір шабуылдың бірі қақпа кілтін ашты. Кездесудің алғашқы бөлігі аяқталғанша есеп теңесті. Ойынның екінші жартысында ала допты ұршықтай иірген петропавлдықтар қорғаныс саңлауын дәл көздеумен болды. Бәскелестің ынтасын су сепкендей басып, қатарынан тағы үш гол жаудырды. Астаналықтардың қарқыны енді бір доп салуға ғана жетті. Өстіп айқын басымдылықпен алғашқы финалист анықталды.

Игорь Гульшин, футболдан СҚО құрамасының шабуылшысы:
– Алғашқы бөлік біз үшін оңай болды деп айта алмаймын. Ұзақ уақыт доп қақпаға түспей әуреге салды. Екінші бөлікте жиналып ойын тізгінін толықтай өз қолымызға алдық. Қалай дегенде ақтық сынға шықтық. Орта жолда қалмай өткен жылғы жетістікті қайталауға барымызды саламыз.

Жалпы биылғы тартыс еліміздің жер-жерінен 12 құраманы жиды. Іріктеу сынының екі күні артта қалды. Сайыскерлердің ендігі мақсаты өз топтарындағы аутсайдерлерді жарыс жолынан ығыстыру.

Александр Гаузер, жарыстың бас төрешісі:
-Командалар үш топқа іріктелді. Өз легінде көш бастаған үш құрама ақтық кезеңге шығады. Қалғандарының арасынан ең көп ұпай жинаған тағы бір құрама осындай мүмкіндікке ие. Біреуі анықталды. Ертең бас жүлдеге тартысатындар толықтай белгілі болмақ. Олар өз ара шеңберлік айналымда кездеседі.

Бүгіндері Петропавлда қҚыздар арасында да шағын футболдан жарыс өтуде. Жерлестеріміз өздерін мықты футболшылар ретінде көрсетіп келеді. Алматы облысының құрамасын 15:0 есебімен ұтқан солтүстікқазақстандық қыздар ақтық сынға жолдама алды. Кездесу Ақмола облысының өкілдерімен өтті. Нәтижесінде ойын 7:2 есебімен біздің құраманың пайдасына шешілді. Алтын алқа алуға ұмтылған солтүстікқазақстандық футболшы қыздардың келесі қарсыласы Шығыс Қазақстан облысының командасы болмақ. Бұл кездесуде де намысты қолдан жібермейміз дейді ойыншылар.

Виктория Рогачёва, Солтүстік Қазақстан облысы құрамасының қақпашысы:
-Біздің құрамамыз мықты. Бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Алдымызға жеңіске жету мақсатын қойып отырмыз. Көздегенімізге жетеміз деп үміттенемін.

Жеңіс Ермұқанов, Айдана Демесінова