Спорт

Республикалық қысқы спартакиада

Республикалық турнирге еліміздің 12 облысынан 2000-нан аса спортшы жиылды. Әр өңір мұнда үздіктерін баптап әкелген. Өздері үміт артқан спортшылардың жеңіске жететінінен үмітті.

Бауыржан Рамазанов, ҚР БҒМ Ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығы бас директорының орынбасары:
– Жастарды спортқа баулуда жарыстың маңызы зор. Болашақ ел және әлем чемпиондары осындай сындарда шыңдалады. Салауатты өмір салтын дамытуда да таптырмас құрал.

Жарысқа қатысушылар спорттың он түрі: шаңғы, президенттік көпсайыс, биатлон, конькимен сырғанау, шорт-трек, шайбалы және допты хоккей, қысқы спорттық бағдарлау, футзал және мәнерлеп сырғанаудан бақ сынайтын болады. Спартакиаданың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов спортшыларға үлкен жетістіктер тіледі.

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:
– Сіздерді Солтүстік Қазақстан жерінде басталған мектеп және колледж оқушыларының арасында 6-шы спартакиаданың басталуымен құттықтаймын. Спорт – салауатты өмір салтын сақтаудың кепілі. Бұған Елбасы Н.Ә.Назарбаев жыл сайынғы жолдауында аса зор көңіл бөледі.  

Спартакиада салтанатты түрде олимпиада алауы жағылғаннан кейін басталып кетті.

Алексей Лукьянов, Қарағанды облысының президенттік көпсайыстан жаттықтырушысы:
– Қарағанды құрамасы бұл жарыста барлық спорт түрлері бойынша қатысады. Осы турнирге ең мықты деген спортшыларды облыстық сайыс кезеңінен іріктеп әкелдік. Бізді мұнда өте жақсы қарсы алды.

Спортшылар да турнирден құр қол қайтпай жеңіспен оралсақ дейді. Әрқайсысы биікті бағындырудан үмітті.

Динара Оразбаева, Ақмола облысы:
– Біз өте жақсы дайындықпен келдік Ақмола облысынан. Қыздар арасындағы футболдан қатысып отырмыз осы спартакиадаға.  

Сейілхан Мұхамеджан, СҚО облысы:
– Мен допты хоккей спортынан сынға түсемін. Онымен 5 жыл айналысып келемін. Бүгін Алматымен кездесіп, оларды 10:0 есебімен ұттық.

Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімінен кейін жергілікті өнер ұжымдары концерт қойды. Ал мерекелік шараның соңы отшашуға ұласты.

Әспет Әбдірешова