Спорт

Өңірде тректік автожарыстан ашық турнир өтті

Сәйгүліктер үкіленетін ипподромда қазір темір тұлпарлар бапталып жатыр. Бұл автошабандоздардың қысқы маусымын жабатын қорытынды бәйге. Өзгелердің нәтижелері пысықталатын тректік дода Евгений Комов тәжірибесіндегі алғашқы сын. 17 жасар петропавлдық үлкен спортқа картингтік жарыстардан келген.

Евгений Комов, автошабандоз, Петропавл қаласы:
– Бұл жарысқа тек ВАЗ 21:08 маркілі жеңіл көлік жіберіледі. Қозғалтқышының көлемі 1600 текше сантиметрден аспауы қажет. Бастысы спортшының қауіпсіздігі. Сондықтан ортақ талап қорғаныш арматураларының бекітілуі, қорғаныш бас киімі мен 5 деңгейлі қауіпсіздік белбеуінің болуы. Сасатын түгі жоқ. Есесіне тәжірибелі қарсыластарымнан сабақ алып, бойымды жаттықтырамын.

Ашық тартысқа Көкшетау және Солтүстік Қазақстан  сайыскерлерімен РФ Омбы қаласының үздік автошабандоздары көліктерін сайлап келген. Барлығы 13 сайыскер шеңберлік айналым бойынша тартысқа түсті. Әрбірі 4,4 шақырымдық шарыс жолының сөресіне 11 мәрте шықты. Омбылық Игорь Усов бәсекелестерін шаң қаптырып бас жүлдені иеленді. Командаласы Дмитрий Катышев мәре сызығын екінші болып кесті.

Дмитрий Катышев, жарыс жүлдегері, Омбы қаласы:
– Бұндай сапалы трасса Қазақстанның еш жерінде жоқ. Ресейдегі трассаларда қолайсыз. Автожарысқа 97 жылы келдім. Мақсатым әуестігімді спорт шебері
дәрежесіне көтеру. Сондықтан осы өңірге жиі келіп, күшімізді сынап тұрамыз. Мен дәл осы жарысты екі мәрте ұтқан едім. Бұл жолы жерлесімнің бағы жанды.  

Үздік үштікті де ресейлік қонақ тұйықтады. Өңір намысын қорғаған 6 автошабандоздың біреуі ғана жүлдеге жақын болды. Солтүстікқазақстандық  Никита Татымов сәл ұпай айырмасымен жарысты 4-ші болып аяқтады. Есені қайтарудың жолы жазғы маусымда бір-ақ туады.

Владимир Жуковень, жарысты ұйымдастырушы:
– Ең жақыны мамыр айында Алматыда өтетін кросстық чемпионат. Сондай-ақ күзге дейін Көкшетау, Астана қалаларында республика деңгейіндегі турнирлер ұйымдастыру жоспарда бар. Бұл енді қысқы тартыстардан мүлдем ерекше. Талаптары да өзгеше.

Ал облыстық трасса кезекті рет жарысқа қатысушыларды алдағы маусым айында қабылдайтын болады.

 

Жеңіс Ермұқанов