Құқық қорғау органдары

«STOP Қылмыс» акциясы

«102» телефон нөміріне түсетін облыс орталығындағы құқық бұзушылықтар жөніндегі хабарлар осы жерде қабылданады. Сонымен қатар, жедел басқару орталығында отырған 7 маман барлық бейнекамералар бойынша бақылау жүргізеді. Петропавлда мұндай 36 камера орнатылған. Бақытжамал Тұрғынова олардың көмегімен бірқатар заңбұзушылықтардың алдын алуға болады дейді.

Бақытжамал Тұрғынова, СҚО ІІД жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторы:
Заңбұзушылықтар негізінен түнгі мезгілде орын алады. Ойын-сауық мекемелерінің маңында. Біз бірлесе жұмыс істейміз. 102 телефонына қоңырау түсе сала, бірден камераны сол жерге бағыттаймыз. Қандай да бір күдікті жағдайды көрсек, қызметкерлерге хабар береміз.

Бастысы – кінәлілерді жазалау емес, заңбұзушылықтардың алдын алу дейді құқық қорғау органының қызметкерлері. Экскурсияға жиылған оқушылар мен студенттер орталықтың жұмысымен қызыға танысты.

Мен өзім анда- санда белгіленбеген жерден жолды қиып өтетінмін. Ол жол-көлік оқиғасын туғызуы мүмкін. Бұл енді есімде болады.
Жедел басқару орталығының жұмысы маған өте қызықты болды. Мұндай кездесулерді жиі өткізу қажет деп ойлаймын.

«STOP Қылмыс» республикалық акциясы ең алдымен тұрғындардың сана-сезімін өзгертуді көздейді. Жастар ұйымдарының өкілдері қоғам темекі қалдығы мен қоқыс тастауды да қылмыс ретінде бағалауы тиіс деген ойда.

Рустем Есенбергенов, СҚО “Жас ұлан” бірыңғай балалар-жасөспірімдер ұйымының атқарушы хатшысы:
Жасыратыны жоқ өңірімізде көптеген заңбұзушылық тіркелуде. Сондықтан біз құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс істеуді ұйғардық.

Кездесу соңында “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы, облыстық ішкі істер департаменті мен үкіметтік емес ұйымдар арасында «STOP Қылмыс» кампаниясын бірлесе жүзеге асыру жоспарына қол қойылды.

Инеш Шоқақова