Құқық қорғау органдары

Петропавлда 3 мыңдай адам алимент төлеуден жалтарып жүр

Есікті тарс етіп жабу сияқты тұрғындардың дөрекі әрекеттеріне сот орындаушылары әбден үйреніп алған. Өйткені, мұндай жағдайлар олардың тәжірибелерінде жиі кездеседі екен. Мәселен,  Жабаев көшесі,123  мекен-жайындағы  пәтерде тіркелген Зарина Рамазанова 2-ден асқан баласын Ақтауға алып кеткен. Осылайша әкесі өз ұлын жарты жыл көрмепті.

Серік Рамазанов:
-Баламды соңғы рет шілденің 2-сі көргенмін. Әбден сағындым. Алиментті ай сайын төлеймін. Бұрынғы әйелім Ақтауға кетіпті.

Сот шешіміне сәйкес алиментті уақытылы төлейтін бұл азамат өз баласын көруге құқылы.

Қарлығаш Абаева, СҚО сот актілерін орындау департаментінің аға сот орындаушысы:
-Зарина Рамазанова әкесіне баласымен араласуға кедергі келтіріп отыр. Оның бұл пәтерде тұратынын анықтаймыз. Егер оның мұнда мекендемейтіні анықталса, тиісті құжаттарды толтырып, оны іздеуге салу арызымен сотқа материал жібереміз.  

Бұл жолы сот орындаушылары Сергей Устьянцевпен де кездесе алмады. Азаматтың өз баласына тиесілі қаржыны төлемегеніне 8 жыл болыпты. Осылайша оның қарызы 700 мың теңгеден асып отыр. Жеке кәсіппен айналысатын бұл жерлесіміз өз табысын жасыратын көрінеді.

Махаббат Мырзағұлова, СҚО сот актілерін орындау  департаментінің сот орындаушысы:
-Бұл жеке кәсіпкердің табысын білу мақсатында салық департаментінің көмегіне жүгіндік. Жауабын күтіп отырмыз. Кейін оның борышын қайта есептейтін боламыз.

Андрей Кайгородцев те қарызға белшесінен батқан. Бүгінде оның баласы алдындағы берешегі 1 млн теңгеден асады. Борышкер еш жерде жұмыс істемейді. Мына 1 бөлмелі пәтердің жартысы соның иелігінде екен. Сондықтан, қарызды осы баспана бөлігін сату арқылы өндіруден басқа амал қалмады дейді сот орындаушылары. Жалпы, қала бойынша алимент төлеуден жалтаратын адамдардың саны 3 мыңға жетіп отыр.

Айдана Демесінова